389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысы бойынша дауыс беру 543 сайлау учаскесінде өтеді

  • 381
  • UPD: 08:53, 09.06.2019

Бүгінгі күн Қазақстан Президенті сайлауын өткізуге таңдалған тарихи дата ретінде ел есінде қалмақ. Республика бойынша дәл қазір барлық сайлау учаскелерінің есігі айқара ашылып жатыр.

Қазақстандықтар кемел келешек, жарқын болашақ үшін  өз таңдауын жасамақ. «Хабар 24» арнасының Павлодардағы тілшісі Қарлығаш Қасиетова №11 сайлау учаскесінен тікелей байланысқа шыққалы тұр.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Ертіс өңірі әдетте ұйымшылдығымен ерекшеленеді. Саяси науқанды да жұмылған жұдырықтай белсенді бастап жатыр. Өздеріңізге белгілі, бұл өндіріс ошақтары көп шоғырланған жұмысшы халықты бір арнаға тоғыстырған аймақ. Сондықтан түнгі ауысымнан шыққан немесе жұмысқа бара жатқан зауыт, кәсіпорын еңбекшілері алдымен сайлау учаскелеріне келіп жатыр. Қазір біз Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында орналасқан № 11 сайлау учаскесінде тұрмыз. Міне, дауыс берушілердің алғашқы легі көрінді. Уақыт есептесек, жарты минуттан сәл ғана асты. Таңдауды бірінші болып жасағандар және алғаш рет дауыс берушілерге естелік сыйлықтар табыстау дәстүрге айналған. Көріп отырсыздар, мінекей. Негізі №11 сайлау учаскесіне 2203 электорат тіркелген. Олардың ең үлкені 91 жастағы қария болса, 15-і саяси науқанға бірінші рет қатысқалы отыр.

Жалпы облыс бойынша дауыс беру 543 сайлау учаскесінде өтеді. Оның ішінде 23 учаске қолжетімділігі шектеулі сайлаушыларға арналған. Олар аурухана, изолятор, әскери бөлімшелер сияқты орындар. Мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үшін барлық сайлау учаскелерінде арнайы кабиналар орнатылды. Мониторы бар компьютер, құлаққаптар, қосымша жарықтандыру құралдары, үлкейткіш әйнек қойылған бұрыш жасақталған. Атап өтерлігі, осы №11 сайлау учаскесіне мүмкіндігі шектеулі 10 азамат келіп дауыс береді.

Естеріңізге сала кетсек, Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының президенттігіне 7 кандидатты тіркеген болатын. Саяси науқанның барысын бақылау үшін ТМД және Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы атынан халықаралық байқаушылар келген. Олар да өңірдің әр қала, аудандарында өздеріне міндеттелген жұмыстарына кірісіп кетті.

Хабар 24 телеарнасы