389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында сайлаушылардың 30 пайызға жуығы дауыс беріп үлгерді

  • 239
  • UPD: 12:00, 09.06.2019
Түркістан облысында сайлаушылардың 30 пайызға жуығы дауыс беріп үлгерді

Тікелей қосылымның кезегі Түркістан облысына келді.

2 миллионнан аса тұрғыны бар өңірдің сайлаушылары қай кезде болсын белсенділік танытып, ертелеп келіп азаматтық борышын өтеп, дауыс береді. Осы жолғы саяси науқанға аймақ сайлаушылары қаншалықты қатысып жатыр екен.

Азаматтық ұстанымы берік, саяси өмірге білек сыбана араласатын Түркістан жұрты бұл жолғы сайлауда да белсенділік танытып жатыр деп айтуға толық негіз бар. 

Бүгінгі саяси науқан барысында облыста 889 сайлау бөлімшесі жұмыс істеп жатыр. Онда өз таңдауын жасауға құқығы бар 1 миллион 181 мың 946 адам тіркелген. Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, сағат 11:00-ге дейін өңірдегі сайлаушылардың 30 пайызға жуығы дауыс беріп үлгерді. Айта кету керек, облыста 2 ұзақ мерзімдік және 43 қысқа мерзімдік шетелдік байқаушы тіркелген. Олар таң ертеңнен бері облыс орталығы мен аудан-қалалардағы және ауылды жердегі учаскелерді аралап, сайлау барысын бақылап жүр. Ал Түркістан қаласы бойынша 49 аумақтық сайлау бөлімшесі жұмыс істеп тұр. Киелі шаһардан бүгінгі саяси науқанға 107 мыңнан астам сайлаушы қатысып, өз таңдауын жасайды деп күтілуде. Түркістандықтар таңмен таласа тұрып дауыс беріп, беленділік танытуда.                                                                                 

Біз қазір Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік  университетінің мәдениет үйінде орналасқан №133 сайлау учаскесінде тұрмыз. Мұнда дауыс беруге құқы бар 2376 сайлаушы тіркелген. Соның 711-і университеттің жатақханасында тұратын студенттер.

Бекахмет Әбусейітов, №133 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:

- Мұнда бюллетень салатын жәшіктер, дауыс беру бөлмелері және қажетті құрал-жабдықтардың бәрі бар. Тек осында келіп, өз таңдауыңызды жасап, дауысыңызды беруіңіз керек. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да саяси науқанға қатысып, дауыс беруіне барлық жағдай жасалған. Көру қабілеті нашар азаматтарға арналған лупа, жарық шам, компьютер және құлаққаппен қамтылған. Ал сайлаудың әділ, әрі ашық өтуін сайлау комиссиясының мүшелері мен шетелдік байқаушылар қадағалап отыр.

Авторы: Жандос Жұмабек

Хабар 24 телеарнасы