384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Геннадий Головкин жерлестерінің сайлауда белсенділігі жоғары

  • 317
  • UPD: 16:03, 09.06.2019
Геннадий Головкин жерлестерінің сайлауда белсенділігі жоғары

Қарағанды облысында сайлаушылардың белсенділігі жоғары.

Осы сағатқа келіп түскен мәліметтер бойынша аймақ тұрғындарының тең жартысына жуығы дауыс беріп үлгерген. Саяси науқанның әділ, әрі заң шеңберінде өтуін 1 мыңға жуық байқаушы мұқият қадағалап отыр.

Майқұдық ауданындағы №65 мектепте кезінде Геннадий Головкин оқыған. Ал бүгін мұнда екі бірдей сайлау учаскесі орналастырылды. Таңмен таласа тұрып дауыс беруге келген тұрғындар өз таңдауын жасап қана қоймай, спорт залға қойылған үлкен экраннан боксты тамашалады.

Ырысты Байдәулетова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Головкин сияқты сайлауда да мықты жеңіске жетсін деп отырмын. Қазақстанымыздың туы көкке желбіресін. Сол үшін келіп отырмын таң атпай, баламды ертіп. 

Қарағанды облысы бойынша тіркелген сайлаушылардың жалпы саны 900 мыңнан асады. Таңғы сағат 7-ден бастап өңірдегі барлық 787 сайлау учаскесінде халық белсенді дауыс беріп жатыр. Саяси науқанның заң шеңберінде өтуін үміткерлердің сенімді өкілдері мен халықаралық байқаушылар мұқият қадағалап отыр.

Алма Тұяқова, Қарағанды қаласының тұрығыны:

- Бүгінгі күн ерекше күн, маңызды күн. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болып, әрқашан осы келер ұрпақ, жас балапандарымыз бейбіт күннің астында, жарқыраған заманның астында өмір сүрсе екен деген ниетпен дауысымды беріп тұрмын.  

Барлық учаскелерде сайлау мерекелік сипатта өтіп жатыр. Жергілікті өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйласа, ірі сайлау учаскелерінде жәрмеңке ұйымдастырылды. Сондай-ақ бүгін қала ішіне қатынайтын автобустардың барлығы тегін қызмет көрсетуде.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы