389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сайлау-2019: Ауыл тұрғындарының белсенділігі жоғары

  • 263
  • UPD: 16:03, 09.06.2019
Сайлау-2019: Ауыл тұрғындарының белсенділігі жоғары

Ақмола облысында ауылды жерлерде сайлаушылардың белсенділігі өте жоғары, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күн райының жаңбырлы болуына қарамастан таңғы сағат 7:00-ден бастап жергілікті халық өз таңдауларын жасауға асықты. Аймақтағы тілшіміз Дамир Берікұлы Көкшетау қаласының іргесіндегі Красный Яр ауылындағы сайлау бөлімшелерінің бірінде болып қайтты.

Жалпы Красный Яр елді мекенінде 13 мыңнан астам халық тұрады. Мұнда 4 бірдей сайлау учаскесі орналасқан. Мәселен, біз тұрған №1 сайлау бөлімшесінде 2 мыңнан астам адам дауыс беруі тиіс. Ауыл тұрғындарының белсенділігі қуантады. Сайлау учаскесі ашылған сәттен бастап мұндағы кісі қарасы қалың.

Мәселен, жасы жетпестен асқан Бағдат əжей сайлау учаскесіне таңғы 6:30-да келіп алған. Айтуынша, бүгінгі күн ең алдымен ұрпақ үшін өте маңызды. Сондықтан ертерек дауыс беруге асыққан.

Бағдат Рысбекова, ауыл тұрғыны:

- Бұл президент сайлауы күніне әдейі өзімнің сенімімді, таңдауымды жасауға әдейі ерте келіп отырмын. Бұл сайлаудың маңызы өте зор. Еліміздің, халқымыздың келешегін, болашағын, құрметті жастарымыздың, бәріміздің үмітімізді сенімімізді ақтайтын халқым деп, елім деп еңірейтін президентімізді сайлауға арнайы арнап әдейі келіп отырмын.

Ал сайлау бөлімшесінде сайлаушылар үшін барлық жағдай жасалған. Мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп шығуы үшін олар ғимараттың бірінші қабатында орналасқан. Əрі жарымжан жандар үшін бөлек кабиналар қойылған.

Сәкеш Уәлиева, №1 сайлау комиссиясының төрайымы:

- 15 өтініш бар үйде дауыс беретін. Ол кісілер енді өздері келе алмайды. Жалпы айтқанда 2065 сайлаушы бар біздің учаске бойынша. Бір айдың ішінде біраз жұмыс атқарылды. Шақыру билеттері берілді. Өзім бақылауымда болды, неше мүгедек бар екені. Бәрін талдап, анализ жасап, осындай неге келіп жатырмыз.

Жалпы бүгін аймақта осындай 724 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Ал 520 мыңнан астам ақмолалық өз таңдауларын жасап, дауыс берулері тиіс.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы