378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейлік сайлаушылар жоғары белсенділік көрсетті

  • 87
  • UPD: 22:04, 09.06.2019

350 мыңға жуық халқы бар Семей қаласында да сайлаушылар белсенділігі таңсәріден жоғары.

Ел болашағы үшін маңызды саяси науқанға жауапкершілікпен қарайтын тұрғындар сайлау учаскелері таңғы 07:00-де ашылысымен дауыс беруге асықты. Шаһарда 149 учаске жұмыс істеп тұр, - деп хабарлайды «Хабар 24» арнасының тілшісі.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Семейде қала тұрғындары санының артуына байланысты бірнеше қосымша дауыс беру нүктесі ашылған болатын. Солардың бірі – №206 сайлау учаскесі. Мұнда 2211 сайлаушы тіркелген. Олардың ішінде таңғы 07:00-де ресми ашылғаннан кейін мұнда келіп ертерек дауыс беруге асығушылар аз болған жоқ. Зейнеткерлер де, жастар да бар.

Қасқатай Мұқашұлы мен Дәмеш Шәкеева да тәңсәріден келгендер қатарында. Ерте келіп дауыс беру бұрыннан келе жатқан дәстүр, - дейді қала тұрғындары. Ал алғаш дауыс беруші жастарға сайлау учаскесінде арнайы естелік сыйлықтар табыс етілді.

Қасқатай Мұқашұлы, қала тұрғыны:

-18 жасымда армияда болдым әкем, содан Түркменияда бергем бірінші дауысты. Содан ылғи ерте тұрып, бірінші дауыс беріп кету өзіміздің міндетіміз сияқты.

Дәмеш Шәкеева, зейнеткер:

- Кімді сайласақ та мына кейінгі жастарға жақсы өмір болса екен деймін. Ел іргесі аман болып, бейбітшілік болса, жастарға жақсылық жасаса деген тілегіміз бар.

Айханым Қайырбекқызы, студент:

- Мен «Серпін» бағдарламасы бойынша осында Семейдегі геологиялық барлау колледжіне оқуға түстім. Және де Шығыс Қазақстан облысында алғаш дауыс бергеніме өте қуаныштымын. Себебі бұл Абай, Шәкәрім аталарымыздың кіндік қаны тамған ұлы жер болып табылады.

Бұл жерге тіркелген 27 сайлаушы әртүрлі себептермен бүгін қалада болмайтынын айтып алдын ала өтініш жазыпты. Олардың барлығы есептен шығарылып, арнайы құжат берілген. Яғни, басқа өңірге барып дауыс бере алады.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Мұнда тіркелген 29 сайлаушы денсаулығына және басқа да себептерге байланысты өз үйінде дауыс береді. Оларға алдын ала әзірленген жәшіктер апарылады. Бір сағаттың ішінде 140-қа жуық сайлаушы дауыс беріп үлгерді.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы