382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өңірлерде сайлау науқаны қалай өтті

  • 103
  • UPD: 22:06, 09.06.2019

Бүгін ел өңірлері келелі келешек пен жарқын болашақ үшін дауыс берді.

Олардың ішінде ерекше сайлаушылар да бар. Мәселен, Семейде оңтүстік өңірлерден келіп оқып жатқан жастар өмірлерінде алғаш рет осындай науқанға қатысса, Талдықорғанда елдің сүйікті актері Әлімғазы ақсақал алғашқылардың бірі болып азаматтық парызын өтеді. Ал Ақтауда еліміздің теңіздегі тыныштығын күзетіп жүрген шекарашылар кемелерде дауыс берді.

Шыңғысхан Айдынбек – Семей геологиялық барлау колледжінің студенті. Ол Түркістан облысынан «Серпін» бағдарламасы бойынша осында келіп білім алуда. Талапты жас – өміріндегі алғашқы дауыс беру рәсімін таңсәріден келіп жасағандардың бірі.

Шыңғысхан Айдынбек, студент:

– Мен осындай киелі өлкеде алғашқы рет өз таңдауымды жасағаныма қуаныштымын. Сайлау еліміздің болашағын шешкелі тұр. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданына қарасты Глуховка ауылында 791 сайлаушы тіркелген. Олардың көпшілігі түске дейін дауыс беріп үлгерген. Байқаушылар тарапынан ешқандай сын-ескертпе түспепті.

Ал «Тақиялы періште» кинофильмінде Тайлақтың рөлін сомдаған Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Алматы облысының құрметті азаматы Әлімғазы Райымбеков өзі бекітілген сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келіп, дауыс берді. Ақсақал 1955 жылы алғаш рет сайлауға қатысыпты. Содан бері саяси науқандардың ешбіріне немқұрайлы қараған емес. Бүгінде ел сүйіктісіне айналған сыйлы азаматтың 10 баласы, 30-дан астам немересі мен шөбересі бар екен.

Әлімғазы Райымбеков, Алматы облысының құрметті азаматы:

– Бұл – азаматтық борышымыз. Дамыған мемлекеттермен тереземіз тең болса екен деген ойым бар.

Сайлау комиссиясының мүшелері мінген тікұшақтың бірі Ақтаудан 330 шақырым қашықта орналасқан «Үстірт» шекара бекетіне барды. Қазақстан мен Түрікменстанның мемлекеттік шекарасын күзетуші сақшылардың басым бөлігі биыл алғаш рет дауыс берді. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар жақында ғана 18-ге толыпты.

Нұрсұлтан Тынысов, үстірт шекара заставасының сарбазы:

– Мен – қатардағы жауынгер Тынысов Нұрсұлтан Маратұлы. Мен Қызылорда облысы Сырдария ауданы Ақжарма ауылынан келдім. Менің әскери борышымды өтеп жүргеніме 8 айдан астам уақыт болды. Бүгін өте қуаныштымын. Себебі бізде бүгін 9 маусым – мерекелік күн. Мен сайлауға бірінші рет қатыстым. Офицер-командирлер сайлау тәртібін бізге түсіндірді. Мен өз таңдауымды өз үміткеріме жасадым.

Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы мемлекеттік шекараның ұзындығы – 425 шақырым. Бұл жерді Ұлттық қауіпсіздік қызметіне қарасты «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасының 2 мыңдай әскері күзетеді. Алып кемелерде ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген теңізшілер жағалауға аялдап, дауыс берді.

Авторы: Болат Көкенайұлы

Хабар 24 телеарнасы