380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сайлау күні астанада 30-дан астам сәби дүниеге келді

  • 113
  • UPD: 01:45, 10.06.2019

Бас шаһарда бүгін 238 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Онда елордалықтардың 68,3 проценті өз таңдауын жасаған.

Астанада дауыс беру құқығы бар 665 мың азамат тұрады.  Аслан Асқар – Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенті. №110 сайлау бөлімшесіндегі жасы 18-ге енді толған 10 сайлаушының бірі. Яғни, ел президентін таңдауда өз үлесін қосуға құқылы. Бүгін ол да өз үміткеріне дауыс берді. 

Аслан Асқар, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ студенті:

- Мен 18-ге енді толдым. Сайлауға бірінші рет келдім. Жастар бұл сайлауға міндетті түрде қатысу керек. Себебі бұл – біздің болашағымыз.

Жастар өз ертеңі үшін таңдау жасаса, аналар – бауыр еті баласының болашағына алаңдап, сайлауға қатысты. Тіпті бүгін дүниеге сәби әкелген азаматшалар да саяси өмірден қалыс қалмады. Олар үшін №224 сайлау бөлімшесі жұмыс істеді. Ал бөлмесінен шыға алмаған аналарға жәшік жеткізілді. Бір сөзбен, мұндағы сайлаушылардың құқығы да ескерілді. Айтпақшы, бұл күні елордада 30-дан астам бала дүние есігін ашыпты.

Дарина Ахметжанова, қала тұрғыны:

- Бүгінгі менің үшінші рет болып жатқан сайлауым. Ерекше өтіп жатыр. Белсенділік танытып жатырмыз. Бұл болашаққа керекті маңызды қадам деп санаймыз.

Сондай-ақ елордалықтармен қатар қала қонақтары да дауыс берді. Олардың арасында спорт жұлдыздары да бар. Мәселен, күні кеше «Қазақстан барысы» атанған Айбек Нұғымаров бүгін өз үміткерін таңдады. Мұхит асқан бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов те елордаға арнайы келді.      

Данияр Елеусінов, бокстан Олимпиада чемпионы:

- Сайлау маңызды. Әрбір қазақстандық дауыс беру керек деп ойлаймын. Өзім дауыс бердім. Елдің болашағы үшін маңызды. Президент деген ол елді ойлайтын адам. Оны таңдау маңызды. Сондықтан сайлауға қатысу маңызды.

Айбек Нұғымаров, «Қазақстан барысы-2019» турнирінің жеңімпазы:

- Бүгін әр қазақ дауыс беретін күн. Қазақтың көк байрағын биік ұстайтын, елдің мүддесін шетелде қорғай алатын саясаткер бүгін президент болуға лайық. Мен бүгін осында арнайы келіп, өз дауысымды бердім.

Бас қалада бүгін 238 сайлау бөлімшесі жұмыс істеді. Олар кешкі 20:00-де  жабылғанымен, жұмыс тоқтаған жоқ. Қазір сайлаушылардың дауысы саналып жатыр.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Наурыз Базаров, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы