384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарлық сайлаушылардың 73% өз таңдауын жасаған

  • 67
  • UPD: 01:54, 10.06.2019

Ертіс өңірінің халқы да азаматтық белсенділік танытты.

Саяси науқанды бақылаған шетелдік байқаушылар дауыс беруге халықтың, әсіресе аға буын өкілдерінің көп келгенін айтады.

Павлодар ауылында халықтың саны жеті мыңға жуықтайды. Облыс орталығымен іргелес жатқан елді мекен тұрғындарының белсенділігі жоғары. Түс ауа 2 300 дауыс берушінің жартысынан көбі өз таңдауын жасап үлгерді. Нөсерлетіп құйған жаңбыр да кедергі болмапты.

Любовь Задубняк, №49 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы:

– Сайлауға жастардың немқұрайлы қарамайтыны қуантты. 25 адам алғаш рет дауыс берді. Ол – 18,19,20 жастағы азаматтар. Ауылымыздың болашағы солардың қолында.

Сайлау учаскесіне тұрғындар бүкіл отбасыларымен келіп жатты. Тарихи сәтті көзімен көрсін деген кей ата-ана балаларын жетектеп келді. Солардың бірі – Анна Ковригина. Ол кез келген адам президент сайлауының жауапкершілігін сезінуі керек деген пікірде.

Анна Ковригина, Павлодар ауылының тұрғыны:

– Мен сайлау учаскесін көрсету үшін ұлымды әдейі ертіп келдім. Дауыс беру үрдісімен танысты. Тарихи оқиғаның куәгері болды дер едім. Өйткені бұл президент сайлауы. Әрбір Қазақстан азаматы өзінің дауысын беруге құқылы екенін айттым.

Комиссия өкілдері сайлау жәшігін Наталья Глушакованың үйіне әкелді. Төрт қабырғаға қамалған жан назардан тыс қалдым ба деп қамығып жатқан екен.

Наталья Глушакова, қала тұрғыны:

– Өзіңнің азматтық көзқарасыңды білдірудің өзі бақыт қой. Дауыс беру – менің парызым. Өте қуаныштымын, рақмет!

Александр Мудрякпен сайлау учаскесінде кездестік. Ол – опера жұлдызы Мария Мудряктің әкесі. Анасымен Миланда тұрып жатқан қызы таңғы сағат 4-те қоңырау шалып әкесін айтулы күнмен құттықтапты. 

Александр Мудряк, Мария Мудряктың әкесі:

– Ол маған елшілік арқылы дауыс беруге бара жатқанын айтты. Қызым әлемді аралап жүрсе де, еліміздегі саяси науқанды естен шығармады.

Президент сайлауында Ертіс-Баян өңірі саяси жоғары белсендік көрсетті. Науқанды жауапкершілікпен атқарып шықты деуге толық негіз бар. Өйткені кешкі сағат 18.30-да сайлаушылардың 73 проценті өз таңдауын жасады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы