389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде өткен сайлауға халықаралық байқаушылар оң бағасын берді

  • 320
  • UPD: 09:57, 10.06.2019

Айтуларынша, саяси науқан өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы кешегі сайлауда Қазақстанның әр аймағында кемінде 20-30 шетелдік байқаушы сайлау барысын өз көздерімен көрді.

Қызылорда облысында сайлау барысын байқау үшін 15 шетелдік байқаушы тіркелген. Олардың барлығы аймақтағы бірқатар сайлау учаскелерін аралап шықты. Байқаушылар тобы ешқандай заңбұзушылық анықталмағандығын айтады. Сайлаушылардың дауыс беру учаске нөмірін анықтау электронды бағдарлама арқылы жүзеге асқаны саяси науқанның жүйелі әрі біртекті өтуіне сеп болды, - дейді шетелдік байқаушылар.

Андрей Горячих, ТМД миссиясының байқаушысы:

- Тұрғындар өте жақсы ақпараттандырылғаны көрініп тұр. Адамдар нөпірі көп, дегенмен оларға бюллетень тез беріліп, ұзын-сонар кезекке тізілу орын алған жоқ. Бұл дауыс беру процесінің жүйелі ұйымдастырылғанын көрсетеді. Сайлау учаскелерін аралау барысында заңбұзушылықтар байқалған жоқ. Демократиялық талаптарға сай өтті деуге толық негіз бар.

Ал Ертіс өңіріндегі сайлау барысын бағамдаған халықаралық байқаушылар, электораттың белсенділігіне тоқталып, науқанның ұйымдастырылуына оң бағаларын берді. Халықаралық ұйым өкілдері сайлаушыларға көрсетілген сый-құрметті тілге тиек етті. Учаскелерде мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз таңдау жасау үшін жағдай жасалды. Жалпы Павлодар облысында 543 сайлау учаскесі жұмыс істеді.

Ольга Благо, халықаралық байқаушы:

Біз сайлау учаскелері мен сайлау комиссияларының жұмысымен танытық. Кез келген учаскеде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы құралдар орнатыпты. Бұл - азаматтарға деген сый құрметтің белгісі десек болады. Арбаға таңылған тұлғалар, көзі нашар көретін азаматтар үшін де аранайы кабиналар қарастырылыпты.

Сайлаудың ұйымдастырылу деңгейін қарапайым халық та оң бағалады. Айтуларынша, әрбір келушіге барлық ыңғайлы жағдай жасалды. «Сайлау учаскесіне бір мезетте көптеген адам кіріп-шығып жатса, ұзын-сонар кезекті көрген жоқпыз», - дейді.

Владимир Дьячков, қала тұрғыны:

- Халықтың сайлауға деген белсенділігі өте күшті болады. Міне, мен бағанадан бері қарап тұрмын, тұрғындар көптеп келіп жатыр. Бұл олардың өз болашақтарына бей-жай қарамайтындықтарын көрсетеді. Алдағы уақытта еліміз одан әрі өсіп-өркендейді деген сенімдеміз.

Айта кетейік, бұл сайлауда халық өте жоғары белсенділігімен көзге түсті. Ал ең ерте келгендер мен бірінші рет дауыс бергендерге, қариялар мен кембағал жандарға сыйлық үлестірілді.

Авторы: Дамир Берікұлы

Хабар 24 телеарнасы