389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арандатушылардың әрекеттеріне жақын уақытта заңды баға беріледі – ҚР ІІМ

  • 466
  • UPD: 11:43, 10.06.2019

Сонымен, сайлау аяқталды. Exit poll-дың алдын ала нәтижелері де белгілі болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал ақпаратты мейлінше уақытылы жариялап келген тілшілер қауымы Орталық сайлау комиссиясы ғимаратынан сағат сайын емес, минуттар сайын тікелей эфир арқылы хабар таратып келді. Патша көңіл көрерменге ақпарат жеткізу мәртебесі бұйырған БАҚ өкілдері таң сәріден түнгі уақытқа дейін баспасөз орталығында болды.

Монитор мен бейнекамераға көз тіккен бұл тілшілер президенттік сайлау барысы туралы күн-түн демей хабар таратты. Қалың жұртты тікелей эфир арқылы өзіне қаратты. Тіпті дауыс беру уақыты аяқталса да, Орталық сайлау комиссиясының баспасөз орталығынан құнды материал жаратты. Брифингке сағат сайын келген баяндамашы мен байқаушыларға сауалдарын қойып, ақпарат жаңартты. Алғашында сайлау барысы дауыстар жарысынан басталды. Дауыс берген сайлаушылардың көшіне бірінші Ақмола, ізінше Ақтөбе және Алматы облыстары шықты.

Ләззат Сүлеймен, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

- Алматы қаласы бойынша сайлаушылардың 52,2%, Шымкент қаласы бойынша 67,6%, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 68,9% дауыс беруге қатысты.

Сайлаудағы белсенділік көшеде де көрініс тапқаны рас. Бірақ тәртіп сақшылары қоғамдық орындарда қауіпсіздік шараларын орындауға басымдық берді. Жалпы осы жұмыстарға ел бойынша 19 мыңға жуық полиция қызметкері жұмылдырылған. Ал елорда мен Алматы қаласында ұйымдастырылған заңсыз шерулердің соңы Ішкі істер бөлімдеріне 500-ге жуық тәртіп бұзушыны жеткізумен аяқталды.

Марат Қожаев, ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:

- Арандатушылар мен белсенді қатысушылардың әрекеттеріне жақын уақытта заңды баға беріледі. Полицияның әрекеттері туралы айтатын болсақ, барлық іс шара заңға сәйкес жүргізілді. Құқық бұзушылардың ұстау кезінде арнайы құралдар қолданылған жоқ.

Ал байқаушылар нені байқады? «Жергілікті сайлау науқаны кейбір Еуропалық мемлекеттер үшін үлгі боларлықтай» -, дейді олар. Франциядан келген бір топ депутаттың пікірі осындай. Кәрі құрлық өкілдерінің айтуынша, елде мүмкіндігі шектеулі жандар мен төсек тартып қалған қариялардың дауыс беруіне дейін қолайлы жағдай жасалған. «Мәселен, тұрғылықты мекенжайы бойынша сайлаушыға мобильді жәшікті жеткізу сынды қызмет түрінің өзі көп нәрсені аңғартты», - дейді Франция Парламентінің депутаты Жан-Пьер Кубертафон.

Жан-Пьер Кубертафон, Франция парламентінің депутаты:

- Бұл жолғы сайлау Қазақстанның саяси өмірінде өте маңызды екені түсінікті. Ал сайлау процесіндегі айырмашылықтарға тоқталсақ, мұнда әр бюллетенінде ел президенттігіне үміткерлердің толық тізімі ұсынылған. Францияда әр кандидатқа дара бюллетень жасалады. Меніңше, сайлаушы үшін бірінші жағдай қолайлы.

Осылайша, кеше 13 сағат ішінде сайлаушылардың 77-ден астам проценті дауыс берді. Азаматтардың конституциялық құқығына кедергі келтіру немесе шектеу қою сынды заң бұзушылықтар орын алмады. Халықаралық байқаушылардың да берген бағасы теріс болмады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Бекболат Базаров, Ербол Даиров және Аят Дүйсебаев

Хабар 24 телеарнасы