Президенттік сайлау кезінде еліміздің 6 аймағында дауыс беру жәшіктеріне топтастырылған бюллетень тасталған.
Бұлар: Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалалары, сондай-ақ Маңғыстау, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстары. Жалпы, республика бойынша мұндай 8 дерек тіркелген. Бұл туралы бүгін «Аманат» азаматтық платформасы ұйымдастырған баспасөз мәслихатында айтылды. Ұйым мүшелерінің айтуынша, сайлау кезінде 160-тан астам ауызша ескерту жасалып, 18 акт толтырылған. Қазір бұл заң бұзу деректерімен тиісті органдар айналысып жатыр.
Мұсағали Дуамбеков, «Аманат» азаматтық платформасының мүшесі:
- Әрі қарай оның тағдыры құқық қорғау органдарына байланысты, біз онымен айналыспаймыз. Біздің мәліметіміз – бақылаушылар өз жұмысын орындады ма, сағат 20:00-ге дейін отырды ма, дауыс санауға қатысты ма, хаттама қолдарына тиді ме, қандай нәтиже шықты деген сияқты. Оның өзінде біз оларға тікелей тапсырма берген жоқпыз. Біздің міндет – сайлау жүйесінде заң бұзушылық болмасын деген дүние.