383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ахмет Яссауи кесенесі орналасқан аймақта «ақылды шатырлар» тігіледі

  • 106
  • UPD: 20:18, 11.06.2019

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан аймақта ақылды шатырлар тігіледі.

Ол шаһар тұрғындары мен келген туристерді ыстық күннен қорғау үшін халық көп жүретін жерлерге орнатылады. Мамандардың айтуынша, шатырлардың биіктігі 12-ден 20 метрге дейін болады. Смарт шатырлар таңертең күн сәулесі шыққан кезде автоматты түрде ашылып, кешкісін өзі жабылады. Ашылып жабылу уақыты 3 минутқа созылады. Сондай-ақ ол түнде әдемі жарық шамдарға айналып, шаһар келбетін көріктендіре түседі. Әрі тегін вай-фай жүйесіне қосылады. Идеяның авторлары жас мемлекеттік қызметшілер, «Идеялар зауыты» жобасының қатысушылары. Түркістан жастары әзірлеген тың жобалар шенеуніктер мен кәсіпкерлердің және жергілікті тұрғындардың шығармашылық идеялары талқыланған жиында алғаш рет таныстырылып, қолдау тапты. Жобалардың барлығы халықтың жағдайын жақсартуға және өңірлік бюджетке кіріс әкелетін салаларды дамытуға бағытталған. Айта кетейік,  осыған ұқсас шатырлар Біріккен Араб Әмірліктерінде кеңінен қолданылады.

Айжан Хаметова, облыстық экономика басқармасының бас маманы:

- Екінші ерекшелігі бұл шатырларымызда су бүркегіш желдеткіштер жүйесі болады. Ыстық мезгілде желдеткіш қосылып, су себіледі және ауаны салқындатады. Біздің жобаларымыздың мақсаты халыққа ыңғайлы жағдай жасау болады.

Хабар 24 телеарнасы