382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде электронды темекі саудасына акциз енгізілуі мүмкін

  • 82
  • UPD: 20:47, 11.06.2019

Елімізде жыл сайын 18 мыңдай қазақстандық темекінің салдарынан түрлі ауруға шалдығып, көз жұмады.

Біздегі халықтың шамамен 23 проценті шылымға әуес. Қазақстан темекіні көп тұтынатын мемлекеттердің қатарында тұр.

Ал жұмыр жерде табак өнімдерінен бір жылда 5 миллиондай адам қайтыс болады. 600 мыңы балалар мен жасөспірімдер. Оның үстіне қазір электронды темекі белең алды. Біреу зиян дейді. Енді біреу залалы жоқ дегенді алға тартады. Ақиқатында қалай?

Не көп? Темекі көп. Тоқпен қыздырылатындары шықты кейінде. Бірінде арнайы сұйықтық құйып қолданылады. Әсіресе электрондылары жаппай қолданысқа ие. Сән болып кетті. Бұл қайдан келді өзі бізге?

Қорған Төреқожа тілші:

- Электронды шылымды 2000 жылы қытайлық азамат ойлап тапқан. Алдымен мына құрылғының ішіне сұйықтық құйылады. Оның құрамында белгілі бір мөлшерде никотин бар. Адам тартқанда бұдан түтін емес, бу шығады. Жалпы электронды шылым біздің елге 2015 жылы келген екен. Алғашында мұны 18 бен 25 жас аралығындағы азаматтар шексе, қазір электронды шылымды тұтынатындардың жасы 35-ке дейін ұлғайған.

Насима Жүнісова, қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының бөлім басшысы:   

- Электронды сигареттің ішінде өте көп компонент бар. Токсикологиялық компоненттер. Олар мысалы формальдегид, бензол, бензоперен деген. Ол қоспалардың бәрі химикаттар. Кейбір қоспалар реакция кезінде канцерогенді заттар түзеді. Ол обырға әкеледі.

Жас та, жасамыс та жаңа темекіге жаппай әуес. Сондықтан қазір кәдімгі шылым өтпей жатыр.

Татьяна Сивелина, сатушы:

- Электронды құрылғылар шыққан соң темекіге сұраныс төмендеп кетті. Қазір ол арнайы дүкендерден бөлек барлық жерде еркін сатыла береді. Белең алуына осы да себеп болды меніңше.

Электронды темекіні барлық жерде қолдану қазір етек жайды. Тіпті үйде де, саябақта да, қоғамдық көлік пен жұмыс орнын да шеге береді. Түтіні шығып, айналаға тарамаса да, оның буы өзгелерге зиян. Сондықтан электронды шылымды кәдімгі темекі сияқты кез келген жерде шекпеу керек. Бұл талап!

Насима Жүнісова, қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының бөлім басшысы: 

- Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 449-бабына қарасаңыз, онда жаңағы темекіні, электронды сигаретті шегуге болмайды деп тұр. Яғни электронды сигаретті арнайы бөлме болмаса жұмыс орнында, пәтерде подъезде шешуге болмайды. Оған шектеу қойылған.

Елімізде биылғы төрт айда 4 млрд дана темекі өнімі өндіріліпті. Өткен жылмен салыстырғанда 5,5 процентке кем. Дегенмен, осы көрсеткіштің өзі елдегі темекі өнімдеріне деген сұраныстың едәуір көп екендігін аңғартады.

Жәмилә Садықова, «Темекі түтінінен азат Қазақстан» ұлттық коалициясының көшбасшысы:

- Шамамен ел тұрғындарының 23 проценті темекіге әуес. Салдарынан жыл сайын 18 мыңдай қазақстандық түрлі ауруға шалдығып, көз жұмады. Бірінші орында өкпенің қатерлі ісігі тұр. Бұдан жыл сайын 3 мыңдай адам қайтады. Одан соң шылым шеккендер жүрек талмасы, жүрек қан тамырлары аурулары сынды дертке шалдығып, бақилық болады. Жалпы адам темекінің зиянынан 85 түрлі ауруға душар болуы мүмкін.

Жалпы табак өнімдеріне белгілі бір деңгейде шектеу қою қажет, дейді мамандар. Темекісі болсын, электронды шылым, қорқоры да адамға пайда бермейді. Сондықтан «халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің» жаңа редакциясы әзірленіп жатыр. Құжат қабылданса табак өнімдерін балалар көретіндей жерге қоюға тыйым салынбақ.

Насима Жүнісова, қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының бөлім басшысы: 

- Қазіргі кодексте көрсетілсе жаңағы білім беру мекемесінің ауласында ішінде темекі шегуге болмайды десе. Енді жаңа кодексте мектептің маңайында 100 метр мөлшерде ешқандай темекі сататын, тарататын мекемелер болмауы керек деген ұсыныстар беріліп жатыр.

Жәмилә Садықова, «Темекі түтінінен азат Қазақстан» ұлттық коалициясының көшбасшысы:

- Жаңа заң жобасында табак өнімдері дүкендерде ашықтан ашық сатылмау керек деген бап бар. Яғни сөрелерде ашық тұрмау керек. Оны пердемен жауып тастау қажет. Немесе мүлдем қойылмай, ересектерге тек тартпалардан алып берген жөн.

Электронды шылымға арнайы бап бар жаңа заң жобасында. Құжат Мәжіліске жетсе, алдағы қазан айында қабылданып қалуы да ықтимал. Яғни қыздырылатын темекіні кез келген жерде шегіп, жаппай қолдануға тыйым болып, тіпті акциз де салынуы мүмкін.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы