383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарға оңтүстіктен барған жастар «Серпін» бағдарламасының игілігін көрді

  • 61
  • UPD: 21:12, 11.06.2019

Биыл «Серпін» бағдарламасына бес жыл. Осы уақыт аралығында еліміздің оңтүстік өңірлерінен жүзедеген жас Павлодар облысына барып, түрлі мамандық игеруде. Мемлекеттің қамқорлығын көрген жастардың барлығы еңбекпен қамтылды.

Осы айда серпіндіктердің тағы бір легі жоғары оқу орындарынан түлеп ұшпақ. Екі қолға бір күрек тауып, болашағын Ертіс өңірімен байланыстырғысы келген студенттермен әріптесім Ақмарал Есімханова кездесті.

Бағдарлама қатысушылары 17 мамандық бойынша білім алып, жұмыспен қамтылуда. Павлодар өңіріне келген жастардың басым бөлігі Түркістан облысынан. Көбі осы өңірде қалып, еңбек етуге дайын. Демек, бағдарлама көздеген мақсат орындалды.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті «Серпін» алғашқы қатысушыларының бірі. Былтырғы жылы 134 студент дипломдарын қолдарына алған. Ал тағы 154 жас маман иесі атанбақ.

Айта кетейік, қазіргі таңда бұл бағдарлама шеңберінде университетте 600-ден астам ұл-қыз білім алуда. Олардың басым бөлігі Ертіс өңірінде тұрақтап қалуды көздейді.

Ғабит Хафиз, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті жастар саясаты департаментінің директоры:

- Балалар ерекше. Себебі олар өте еңбекқор. Оқуын оқи жүре, одан да бөлек өздерінің қажеттілігіне жарайтындай қосымша еңбектерін тауып, осы қалада сіңісіп өмір сүріп жатыр.

Сондай еңбекқор жастардың бірі Дәурен Ергашев. Болашақ инженер көпбалалы отбасының үлкені. Ата-анасына ауыртпалық түсірмеу үшін жаз бойы нәпақа табуды көздейді.

Дәурен Ергашев, С.Торайғыров атындағы павлодар мемлекеттік университетінің студенті:

- Павлодар өңіріне келген себебім, Түркістан облысында, үшінші мегаполис Қазақстан бойынша. Онды оқуға түсу қиын және тапшылық жұмыс көзі. Павлодар өңірінде жұмыс көзі көп, зауыттар көп. Жұмысқа тұру қиын емес, былайша айтқанда.

Ал Павлодар мемлекеттік университетінде 550 «серпіндік» оқиды. Шымкенттік Әдемі Қаныбек бірнеше күннен кейін дипломдық жобасын қорғауға дайындалуда. Жұмысы да дайын тұр.

Әдемі Қаныбек, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті:

- Төрт жыл бойы тәжірибеден өткен құбыр жасау зауытына жұмысқа тұруға ниеттімін. Мен ол зауытта контролер, бақылаушы. Шыққан өнімнің сапасына жауап беремін, тексеріс жүргіземін.

Олар үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Жатақханамен қамтылып, өзге де жеңілдік көп.

Бағдәулет Болат, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті:

- Мынау біздің жатақханамыз. Осында, міне, үш бала тұрамыз. Біздің жатақханамызда барлық жағдай жасалған. Міне біздің аcханамыз. Сумен, бәрімен қамтылған. Жоғары этаждарда асханамыз бар. Оқу залдары және компьютерлік залдар бар. Біз «Серпін» бағдарламасы бойынша жұмысқа да орналастық. Алюминий зауытта жұмыс істеп жатырмыз. Ертең, міне, смена.

Аймақтағы үш жоғары оқу орны және алты колледж «Серпін» бағдарламасының қатысушысы. Оның шеңберінде елімізде 15 мыңнан астам студент оқып жатыр.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы