389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маралды көлінің туристік әлеуетін дамытуға 380 млн теңге инвестиция құйылды

  • 491
  • UPD: 15:22, 12.06.2019

Ертіс өңірінде біршама уақыттан соң екі бірдей демалыс аймағы жұмысын бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Киелі Баянауыл өлкесінде танымдық туризм бағытында аспан астындағы музей ашылып, кешенді зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Маралды тұзды көлі биыл 60 мыңнан астам туриске қызмет көрсетпек.

Туристерді Баян өлкесінің көлдерінен бөлек бай тарихы қызықтырады. Солардың бірі – құпияға толы сақ қорғандары. Бүгінгі күнге дейін ғалымдар 20-ға жуық қорым тауып, барлығын зерттеген. Былтырғы маусымда мыңдаған демалушы осы жерге арнайы келіпті.

Шыңғыс Орынбаев, болашақ археолог:

- Біз бұны қолмен ұстап, көзбен көріп, өзіміз үшін тәжірибе етіп аламыз. Өте  пайдалы. Тастарды қарап отырсаңыз, ежелгі сақтарда сағаттың рөлін атқарған. Яғни күн шыққанда көлеңкесі қалай түскен, сол арқылы олар уақытты біліп отырған. Яғни жерде жатқан тастардың барлығы жер қыстау болған және де қашан келіп, көшетін уақыттарын біліп отырған.

Ендігі мақсат – бұл жерді аспан астындағы музейге айналдыру. Баян өлкесінің киелі топырағында туған тұлғаларды жұртқа таныту да назарда.

Гүлзина Жандаксинова, Margulan Centre орталығының қызметкері:

- Биылғы жылы зерттеу жұмыстарын аяқтап, музей ашамыз. Осы жолы сақ дәуіріне жататын екі қорым табылды.  Тыңғылықты зерттеуді қажет етеді. Сонымен қатар осы маңдағы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ата-бабасы өмір сүрген жер зерттеледі.

Әбетбұлақ қыстағы Ақбет тауының солтүстік-батысында орналасқан. Бұл жерде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ата-бабасы өмір сүрген. Ақын-жазушының балалық шағы дәл осы жерде өткен. Бұны ресейлік тарихи дереккөздер де айғақтайды. Алдағы уақытта бұл жерде кешенді зерттеу жұмыстары жүргізіліп, аумақ туристік нысанға айналмақ.

Ал бұл – Павлодардан 65 шақырымды жерде орналасқан Маралды көлі. Демалыс орны тұзды көлдің шипалы суы мен емдік балшығымен танымал. Қазіргі уақытта үшінші туристік маусымға дайындық қызу.

Ертіс өңірінің табиғаты әу бастан тұзды көлдерімен ерекше. Солардың бірі – біз тұрған суы шипалы Маралды. Бұл жерде демалыс орны осыдан екі жыл бұрын ашылды. Сол сәттен бері жеке инвесторлар 380 млн теңгенің қаржысын бөлді. Үміт ақталды, былтырғы жылғы туристік кезеңде 60 мыңнан астам демалушы келген. Олардың қатарында шетелдік тынығушылар да жетерлік.

Соңғы үш жылда қажетті инфрақұрылым салынды. Облыстық бюджеттен бөлінген 24 млн теңгеге электр желілері тартылды.

Жанар Асылова, Маралды демалыс орнының өкілі:

- Маралды көлінің демалыс аумағын кеңейтіп жатырмыз. Тұщы су алатын ұңғыма қазылды, жолдар салынды. Сонымен қатар 90 орынға шақталған бес шағын үй мен киіз үйлер бой көтереді.

Болашақта Маралды көлі толыққанды емдеу-сауықтыру орнына айналады. Болашақта көлдің маңында марал мүйізімен емдейтін шипажай ашылады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Самат Оспанов

Хабар 24 телеарнасы