383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жергілікті демалыс орындарында туристерге жайлы жағдай жасалған ба?

  • 58
  • UPD: 15:20, 12.06.2019

Қазақ елі жылына сырттан 1 млн турист тартуды ойлайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл тізімде бірінші кезекте бас шаһар тұр. Мәселен, алдыңғы жылдары Бурабайға баратын демалушылар саны 800 мыңнан асты. Түркістанда 500 мың болса, Баянауылға 200 мыңнан астам турист келген. 2023 жылға дейін осы көрсеткішті екі есе өсіру көзделіп отыр. Осылайша алдағы 5-6 жылда саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесін 8 процентке дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Аспанмен таласқан таулар, қалың орман мен шалқар көлдер. Көкжиекпен ұштасқан ұлы дала. Табиғаттың осынау сыйын көруге асық жандардың қарасы көп. Бірақ жергілікті демалыс орындарында жайлы жағдай жасалған ба? Осы сұраққа қатысты туристік компаниялардың пікірі басқаша. Жаз мезгілі келгенімен, курорттық аймақтарда туристердің саны көп емес. «Баяғы жартас сол жартас» дегенді айтады сарапшылар. 

Ая Нұрдәулетқызы, туристік фирма директоры:

- Инфрақұрылым, жол, әжетхана, қызмет көрсету сапасы сынды сұрақтар туризм саласында қашан да өзекті. Қазір жаз мезгілі болғанымен, қонақүйлер жартылай бос. Мәселен, Түркиядағы жағдай басқаша. Ол жақта бос орын табу қиынның қиыны. Тіпті ауа температурасы 45 градусқа дейін баратын Біріккен Араб Әмірлігінде саладағы сапа жоғары. Өйткені онда түрлі жеңілдіктер қарастырылған.

Мәселе туралы құзырлы мекемелер де хабардар. Осыған байланысты 2025 жылға дейін туризмді дамытуға арналған заң жобасы әзірленіп жатыр. Бүгінде 10 негізгі бағыт анықталды. Осы жұмыстарға шетелдік сарапшылар да атсалысуда. Инфрақұрылым мен инженерлік желілерді тартуға қаржы да бөлініп жатыр. Іскер азаматтар үшін сала тамырына қан жүгірту ғана қалып отыр.

Дидар Арыстан, қазақстандық МЖӘ орталығының талдаушысы:

- Мұның барлығы келіссөздер нәтижесіне тікелей байланысты. Егер инвесторлар қағазбастылық сынды кедергілерге тап болмаса, онда туризм саласындағы бизнес алға басады. Өйткені шетелдік инвесторлар бірінші кезекте құжаттардың көптігінен қашып, елдегі саяси жағдайдың тұрақтылығына басымдық береді.

Инвесторларды жеңілдіктер арқылы тартуға баса мән беру қажет. Мәселен, шетелдік елдерде осы мақсаттарды орындау үшін ұзақмерзімді келісімдерге қол қойылады. Мысал үшін, Түркиядағы инвестициялық мерзім 20 жылға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында инвестор жергілікті нарыққа әбден бейімделеді. «Бірақ мәселе мұнымен де шешіле қоймас», – дейді туристік фирма өкілдері.

Ая Нұрдәулетқызы, туристік фирма директоры:

- Туризмді шынайы дамытпай, қонақүйлер сала берген дұрыс емес. Бірінші кезекте Қазақстанды инвесторлар үшін қолайлы ел ретінде жарнамалау қажет. Шетелден қонақтар келе бастаған соң, мейманхана құрылысына мән берген жөн. Бәрі ретімен жасалуы керек.

Ая Нұрдәулетқызының айтуынша, Қазақстан туралы шет елдерде жарнама көптеп жарияланса игі. «Сондықтан саланы толық жаңғырту туралы айту әзірше ерте сияқты», – дейді мамандар.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Андрей Деменок, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы