383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қандас, қазақ тілің қалай?

  • 91
  • UPD: 15:17, 12.06.2019

Ресейдің Омбы облысында қазақ тілінің оқу бағдарламасы енгізілмей тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтырдан бері шекаралас аймақта бұл пән екінші шет тілі ретінде оқытыла бастады. Бірақ мұғалімдер әдістемемен ғана сабақ береді. «Орыс мектептеріне арналған кітаптар да жоқтың қасы», – дейді мамандар.

Илья Гальцов Омбыда туып-өссе де, қазақ тілін қатты құрметтейді. 9 сынып оқушысы тілді өздігімен үйреніп жүр. Қазір қазақша амандасып, хал сұрасады. Наурыз айында ол Qazaq Resei радиосын іске қосты. Әзірге оны күніне 350 адамдай тыңдайды.

Илья Гальцов, Qazaq Resei радиосының авторы:

- Мен радионың қамтылуын қадағалаймын. Қазір оны Ресейде ғана емес, Германия, Украина, Польша, Беларусь, Чехия, Канада және Корея елдерінде де тыңдалады. Енді әуе толқынында қазақ мәдениеті туралы бағдарламалар шығады.

Күләш Баймышева Омбыда 20 жылдан бері қазақ тілінен сабақ береді. Оның дәрісіне бүлдіршіндерден бастап ересек адамдарға дейін қатысады.

Күләш Баймышева, «Созвездие» шығармашылық орталығының қосымша білім беру педагогы:

- Әріптерді, сөздерді, сол мәдениетін, оқып, жазып, сөйлеп үйренуге әртүрлі әдістемелерді қолданамын ғой енді. Бір жылы бізге мынандай кітаптар беріп жіберді. Міне, қазақ тілі. Сосын 2 сыныптікі, 3 сыныптікі. Әдебетін беріп жіберді. Одан кейін біз өзіміз сатып алдық.

Былтырдан бері Омбы облысында қазақ тілі екінші шет тілі болып бекітілді. Әзірге бұл жүйе бір-ақ мектепке енгізілген. «Ендігі мәселе пәннің оқу бағдарламасы жоқ. Кітаптар да тапшы», – дейді мұғалімдер.

Роза Рамазанова, қазақ тілі пәнінің мұғалімі:

- Орыс мектептеріне арналғаны бар. Бірақ олар азғантай. Өте аз. Сосын электронды кітаптар бар. Барлығы қайтадан айналып келеді. Оқулық жоқ. Оқулықсыз бағдарлама жоқ. Бағдарламасыз оқулық жоқ. Ұқтыңыз.

Роза Рамазанова – қазақ тілінің оқу бағдарламасын жазып шыққан мұғалім. Бірақ оны қолдана алмай отыр. Қазақстандық ғалымдар оған оң бағасын берсе де, ресейліктер қабылдамай қойған. «Ол үшін екі елдің тіл мамандары комиссия құрып, шешім шығаруы тиіс», – дейді ұстаздар.

Енді ұстаздар қауымы қоғамдық ұйым құрып, оқу бағдарламасын бекітіп, енгізуді жоспарлап отыр. Бұл – олардың соңғы үміті. «Егер мәселе шешімін таппаса, қазақ тілі білім беру жүйесінен мүлдем шығып кетуі бек мүмкін», – дейді мұғалімдер.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы