383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында екі ауылға ауызсу құбыры тартылып, көлік жолы салынуда

  • 88
  • UPD: 10:14, 13.06.2019

Маңғыстау облысындағы екі елді мекенге ауызсу желісі тартылып, көлік жолы салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қос ауыл да Түпқараған ауданына қарайды. Бұған дейін Таушыққа жиырма шақырымдық су желісі жүргізіліп жатқанын айтқан болатынбыз. Бұл жұмыстар қазір толық аяқталды. Сондай-ақ биыл Ақшұқырдағы 750 үйге тіршілік нәрі барады. Осы ауылға 12 километр көлік жолын төсеу де кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Қазір оның үш шақырымы дайын тұр.

Былтырғы «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпазы Таушықта үш мыңнан астам халық тұрады. Жүлдеге берілген 10 млн теңге елді мекендегі барлық көшеге электр үнемдегіш шам орнатуға жұмсалған. Әкімдік үнемделген 4 млн теңгені инфрақұрылымдық жобаларға бөлуге көшті. Ауыл ішілік көлік жолында ақау жоқ. Бас  жоспарға сәйкес 176 млн теңге бөлінуімен биыл жиырма шақырым су құбыры төселді. Тіршілік нәрінің текше метрі 167 теңге деп көрсетілген. Ал халық оны 30 теңгеден сатып алады.

Шалқыбай Әзірбаев, ауыл әкімі:

– Ауызсу бағдарламасы бойынша негізгі халықтың шоғырланған жері толықтай ауызсумен қамтылып отыр. Қазір судың бағасын осы мезгілге дейін біз бір текше метрін 30 теңгеден беріп келдік. Қалғаны республикалық бюджеттен субсидия есебімен жүргізіліп жатыр.

Жыл соңына дейін Түпқараған ауданының Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдарын қоса алғанда бас-аяғы 2062 жер үйге тіршілік нәрі баруы тиіс. Қазіргі таңда Ақшұқырға қырық, оған көршілес елді мекенге елу үш шақырымдық су құбыры төселіп жатыр. Қос жобаға да ел қазынасынан қаражат бөлінген.

Қос ауыл да Ақтауға жақын тұр. Кезінде халыққа жер телімі оңды-солды берілген соң мына жер үйлер ретсіз, қалай болса солай салынған. Оның үстіне көшелердің тарлығы су құбырын тартуға жауапты мамандарға қолбайлау. Осыған қарамастан жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Қазылған жердің беті бір тәулікке ашық тұрады. Бұл уақытта үш рет хлорлы сумен шайылып, құбыр іші тазарады әрі бүтіндігі тексеріледі.

Ақшұқырда әлі күнге асфальт көрмеген көшелер бар. Бұл сұрақтың шешімін тұрғындар ұзақ жылдар күтіп келді. Биыл аудан бюджетінен 50 млн теңге бөлініп, бірден екі көшеге жол салу басталды. Алғашқысына бір километр, келесіне екі шақырымға жуық асфальт жабынды төсеу жоспарланған.

Сержан Төлепов, учаске бастығы:

– Жоба бойынша жолдың ұзындығы 12 километр 200 метрді құрайды. Осы жылға бөлінген қаражат есебінен бізден үш километр жолды жасап бітіреміз. Төменгі және жоғары көшелер болып екіге бөлінеді. Қазіргі таңда жерді тегістеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта жерге қажетті материалдарды төсеп бастаймыз.

Ауылдың жоғары және төменгі көшесіне асфальт төсеуге бөлінген қаржының көлемі бірдей. Әр жоба құны 48 млн 800 мың теңгені құрайды. Жол құрылысына сегіз арнайы техника мен отызға тарта жұмысшы тартылған.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы