383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында мемлекеттік қолдаумен кәсіп ашқандар саны көбеюде

  • 98
  • UPD: 10:14, 13.06.2019

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша биыл Ақмола облысына 7 млрд теңгеден аса қаражат бөлініп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал бұл қаржы 11 мыңнан астам адамның бизнеске бет бұруына және ең бастысы тұрғындардың екі қолға бір күрек табуы үшін жұмсалмақ. Бағдарлама қатысушыларына шағын несиелер және қайтарымсыз гранттар беріледі.

25 жастағы Ақай – жас та болса бүгінде Зеренді ауданындағы халыққа аяқ киім жөндеуден қызмет көрсетіп отырған жалғыз етікші. Нарықты зерттеп, оның үстіне қолының ебі келген соң, өткен жылы осы кәсіпті бастаған. Ал қажетті станоктарды сатып алу үшін оған мемлекет тарапынан 240 мың теңге грант беріліпті. Енді жас кәсіпкер аяқ киім тігетін өндіріс ошағын ашсам, дейді.

Ақай Өркен, жеке кәсіпкер:

– Мен арнайы Самғау Нәсіпхан деген етікшіден аяқ киім тігуді үйреніп келдім. Енді биылғы жоспар бойынша цех ашып, таза былғарыдан тігілетін отандық өнім шығарамыз деген ой бар. 

Ал үшінші топтағы мүгедек Михаил Рингельман өзінің мүмкіндігі шектеулі болса да, кәсіп ашып, жерлестерінің қажетіне жарап жүр. Ол әзірге орталықтағы сауда үйлерінің бірінен шағын ғана бөлмені жалға алып отыр. Ал кәсіпті кеңейтуге кепілдіктің жоқтығы қолбайлау, дейді. Әйтпесе қолынан келмейтіні жоқ. Техникалардың түр-түрін жөндей береді. Тіпті өте ескі дүниелерді де қалыпқа келтіре алады.

Михаил Рингельман, жеке кәсіпкер:

– Жақында тіпті 1940 жылдары шығарылған сағатты жөндеуге алып келді. Ақауын қарап, бұзылған жерлерін жөндеп бердім. Иесі риза боп кетті. Енді міне, мына ескі күйсандықты оңдауға кірісемін. Жалпы алдағы уақытта арнайы ғимарат тұрғызып, тоңазытқыш, кір жуғыш мәшине секілді үлкен тұрмыстық техникаларға қызмет көрсету орталығын ашсам деймін. Оған біраз қаражат керек.

Жалпы биыл аймақта 1270 адамға кәсіпкерлік негіздерін үйретіп, тағы 1 мыңға жуық тұрғынға 4 млрд теңге шамасында шағын несие беру жоспарланған. Одан бөлек, бизнесті енді ғана бастайтындарға қайтарымсыз қаржылай көмек көрсетіледі. 

Дина Ахметжанова, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:

– Биыл 843 адамға грант беру қарастырылған. Олардың 450-іне 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бөлінсе, ал 200-ден астам көп балалы ананың әрқайсысына 500 мың теңге шамасында беріледі. Одан бөлек, жастар жылына орай 192 жас кәсіпкерге 240 мың теңге көлемінде қайтарымсыз қаражат беру жоспарланып отыр.

Ал аталған қолдаулардың барлығы қоғамдағы жұмыссыздықты жойып, халықтың кәсіппен айналысуы үшін жасалып отыр, - дейді мамандар. Айта кету керек, Ақмола облысында соңғы жылдары жұмыссыздық деңгейі 4,8 процент күйінде сақталып келеді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы