378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында 1500 отбасы баспаналы болады

  • 181
  • UPD: 10:15, 13.06.2019

Жамбыл облысында биыл 465 мың шаршы метр тұрғын үй салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нәтижесінде 1500-ге тарта отбасы баспаналы болады. Барлық жоба «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ. Аймақта бұл бағытта тұрғын үймен қамтамасыз етудің 3 жылдық жоспары бекітілді. 

Негізгі құрылыс жұмыстары облыс орталығындағы 15-ықшам ауданда қызу жүріп жатыр. Бас жоспарға сәйкес көне шаһардың бұл бөлігі жаңа орталыққа айналады. Қазір мұнда 80 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы басталып кетті.

Серік Олжабеков, құрылыс компаниясының бас директоры:

– Қазір екі үй салып жатырмыз. 1-2 және 3 бөлмелі үшінші санаттағы үйлер болады. Қабырғалары мен бөлмелердің төбесі – 2,7 метр. Индустриалды әдіс қолданылып жатыр. Құрылыс материалдарының барлығы жергілікті жерден алынады. Цемент, тас, құм, топырақ барлығы өзімізден шығады. Сонымен қатар, мына құрылыс панельдерін де өзіміз жасап, құрылыста пайдаланамыз.

Мемлекеттік тапсырыс алған құрылыс компаниялары үйді бір-бірімен жарыса салып жатыр. Әр нысанда кемінде 120 адам еңбекпен қамтылған.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

– 15-ықшам аудан үлгісінің көрнісі көз тартады. Міне, қараңыз. Зәулім үйлер. Заманауи нысандар. Бір сөзбен айтқанда өмір сүруге қолайлы жағдай жасау мақсатында толықтай инфраструктура жүргізілмек. Міне, мына тұрғын үйлердің барлығы «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынып жатыр. Басым көпшілігі «7-20-25» бағдарламасымен беріледі.

Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, жалпы биыл мемлекеттік бағдарламамен 2305 пәтерлі 30 тұрғын үй салынады. Оның екеуі – 2020 жылға өтпелі жоба. Ал 21-і несиеге берілсе, қалғаны сатып алу құқығынсыз үлестірілетін арендалық баспаналар болады. Сонымен қатар шалғай аудандарда да бірнеше үй салу көзделіп отыр.

Еркін Шайзадаев, облыстық құрылыс басқармасының бас маманы:

– Қордай ауданында 50 пәтерлі бір, Сарысу ауданында 190 пәтерлі 2 және де Жамбыл ауданындағы Аса ауылында 18 пәтерлі бір тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда.

Аймақта тұрғын үймен қамтамасыз етудің 3 жылдық жоспары бекітілді. Енді жыл сайын кемінде 20 тұрғын үй салынып, жылда 1600 пәтер тапсырылмақ.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейлхан

Хабар 24 телеарнасы