389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да жауын-шашын салдарынан су деңгейі көтеріліп келеді

  • 189
  • UPD: 13:59, 13.06.2019

Шығыс Қазақстан облысында жауын-шашынның көп түсуіне байланысты өзендердегі су деңгейі көтеріліп жатыр.

Мәселен, Глубокое ауданындағы Глубочанка өзені нөсердің салдарынан арнасынан асып тынды. Сол маңдағы бірнеше үйдің ауласы мен жертөлесіне су кіріп кеткен. Құтқарушылар жайылған суды арнайы құралдар арқылы сорып, қазір мұндағы жағдай тұрақталды. Енді аудандағы Үлбі өзені  жағалауындағы бірнеше ауылға қауіп төндіріп тұр.

600-ден астам түтіні бар Тарханка ауылы Үлбі өзенін жағалай орналасқан. Нөсерлі күндерден кейін Үлбі бұл жердегі жұрттың үрейін ұшырады. Өйткені күн санап жағасы опырып, cу бау-бақша мен қора-қопсыға жақындап келеді.

Елена Ляпунова, Тарханка ауылының тұрғыны:

- Түнімен көз ілмей шығамын.Таң ата тұрып өзен жаққа бір қарап қоямын.Өйткені соңғы жылдары Үлбінің арнасы ауысып келеді. Жағаны қатты шайып жатыр. Ана бір жолғы жауын кезінде бақшама кіріп кетті.

Тілші: Қариялардың айтуынша, бұрындары ауылда 4 бірдей көше болыпты. Қазір олардың барлығын су басып қалған. Күн сайын жарты метрге жуық жаға шайылып, соңғы екі жылдың өзінде өзен ауылға қарай 30 метрге жақындаған. Округ әкімі бұл жағдайды шешуі үшін құны 90 миллион теңгеге жуықтайтын жобалық сметалық  құжат рәсімделгенін айтты. Оны іске асыру уақыты 2020-шы жылдарға белгіленіпті. Алайда енді әкім облыс басшылығынан бұл шаруаны жылдамдатуды сұрап отыр.

Валерий Белянин, Тарханка ауылдық округінің әкімі:

- Бастапқы құжатта жоба  құны шамамен 90-миллион теңге деп қарастырылды. Алайда қазір мұндағы жағдай күн санап өзгеріп жатыр. Өзеннің ағысы қатты, суы мол.Сондықтан жылдам шешім қабылдап, бұл шаруаларды биыл тындырмаса болмайды.Мінекей,  мына жердегі үйлерге бар болғаны 18-20 метр ғана қалды.

Ауылдықтардың алаңдайтын жөні бар. Өйткені синоптиктер мен төтенше жағдайлар қызметінің болжамы көңіл көншітпейді. Бір күн ішінде айлық жауын мөлшерінің 23 проценті түскен деген дерек тіркеліп отыр. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта да нөсерлі күндер жиілейді.

Наталья Глушакова, облыстық тжд баспасөз қызметінің өкілі:

- Бүгін-ертең дабылды ескерту жарияланған жоқ, алайда синоптиктердің мәліметінше, өңірде күн  әлі де жауын-шашынды болады, бұршақ жаууы да мүмкін. Сондықтан бұл өзен көлдердегі су деңгейін көтеруі ықтимал.

Әзірге Үлбінің жағалауына қызыл ленталы таяқшалар ғана қойылды. Айта кету керек, бұл асау өзен Тарханкамен қатар Черемшанка ауылына және Үлбі аялдамасы саяжайына қатер төндіріп тұр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Руслан Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы