389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбелік шаруалар жеңілдетілген несиеден қағылды

  • 292
  • UPD: 23:38, 13.06.2019

Ақтөбенің іргесінде орналасқан шаруа қожалықтары «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы берілетін несиеден қағылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған себеп – 5 селолық округтің облыс орталығы құрамына енуі. Өткен жылдан бастап оларға қала статусы беріліп, ауыл-аймақтағы ағайын шаһар тұрғындары боп шыға келді. Салдарынан мемлекеттік бағдарламаның талабына сай келмей қалған.

Мал шаруашылығын дамытуды көздеген Сергей Точкин 35 бас ірі қара мал сатып алған. Бұл мақсатта мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген жүйемен несиеге 8 миллион теңге рәсімдейді. Алайда қазір кәсіпкер отбасын асырау үшін жылыжай салып, көкөніс өсіруге мәжбүр. Себебі ет өңдеп, сүттен дайын өнім шығару жоспарына жергілікті биліктің шешімі кедергі болған.

Сергей Точкин, кәсіпкер:

- Егер қаражатым болса, ірімшік қайнататын және ет өңдеу цехін ашар едім. Ол үшін шикізат та бар, өндіріске қажет бос жер де дайын тұр. Мемлекеттік бағдарлама арқасында мал сатып алып қана үлгердім. Ал екінші деңгейлі банктердің талаптары көңілім толмайды. Несиені қайтаратын қаражатым жетпей қалады деп қорқамын.

Облыс орталығы маңындағы 5 селолық округ елді мекендері өткен жылдың тамыз айынан Ақтөбенің Астана мен Алматы аудандары құрамына енген болатын. Қала тұрғыны деген  атағы болғанымен, ауыл-аймақтағы ағайын әзірге жаңа мәртебенің пайдасынан зиянын көп көріп отырмыз дейді. Бұрын ауыл шаруалшылығын қолдау қоры арқылы жеңілдетілген несие алатын шаруалар «Еңбек» бағдарламасына енді тек екінші деңгейлі банктер арқылы қатыса алады.

Гүлжанат Ерғазина, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ АОФ директоры:

- Біздің облысқа биыл 5 миллиардтың үстінде қаражат қарастырылған. 1 миллиард 191 миллионы «Даму» қоры арқылы іске асырылады. Яғни «Даму» үкіметтен ол қаражатты алып, екінші деңгейдегі банктер арқылы Ақтөбе қаласының тұрғындарына береді. «Еңбек» бағдарламасында да жазылған. Егер де ол қалаға қарайтын болса, ол «Даму» арқылы ғана несие ала алады.

Бұл мәселенің ақ-қарасын анықтауға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өкілдері кіріскен. Қаржы институттары мен қожалық иелерін дөңгелек үстел басына жиған олар мәселені жергілікті атқарушы орган өкілдеріне жеткіземіз дейді.

Рахат Тәжібаев, Кәсіпкерлер палатасы Ақтөбе облыстық филиалының сарапшысы:

- Шаруа қожалықтары, яғни ферма қожалықтары бұрыннан бері жұмыс жасап келе жатыр. Жер учаскелері бар. Енді әрмен қарай жұмыс жасауы тиіс. Сол себепті дөңгелек үстелдің басты мақсаты – оларды қолдау үшін бағдарламаға өзгерістер енгізу үшін мүмкіндік жасау.

Жақын арада бұл мәселенің шешімі табылуы екіталай. Себебі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы талаптары тайға таңба басқандай айқын. Жеңілдетілген несие тек ауыл тұрғындарына ғана тиесілі. Ал Ақтөбенің әкімшілік территориясы артқандығы туралы үкіметтің қаулысы бар. Сондықтан бұл аймақтағы шаруалар мемлекеттік бағдарлама бойынша қаражат иемденген екінші деңгейлі банктерге иек артуына ғана тура келеді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов

Хабар 24 телеарнасы