378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толды

  • 311
  • UPD: 08:58, 14.06.2019

2018 жылдың 19 маусымында Елбасы Түркістан облысын құрып, оның орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы жарлыққа қол қойған болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Міне, содан бері 1 жыл сырғып өте шықты.

Бұл - 2018 жылдың 13 тамызы. Облыс орталығы Шымкенттен Түркістанға ауысып, көштің басы киелі шаһарға бет түзеген сәт. Керуенмен бірге әкімшілік, 24 басқарма мен 28 аумақтық департамент де көшіп келді. Жалпы жиыны 2 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер түркістандық атанды. 

Содан бері Түркістан қаласы Елбасы бекітіп берген тұжырымдамаға сәйкес, үш бағытта дамып келеді. Ол «тарихи», «рухани-мәдени» және  «әкімшілік-іскерлік» орталығы аймағы.

Мәселен, «тарихи аймақта» жаңғырту, қалпына келтіру жұмыстары, ал «рухани-мәдени» аймақта 7 нысанның құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ал аумағы 700 гектар болатын «әкімшілік іскерлік» аймағында 1538 пәтерлік 26 үй салынып бітті. Сонымен қатар 2724 пәтерлі 88 көп қабатты «Түркістан – жаңа қала» тұрғын үй алабы бой көтеріп келеді.

Бұдан өзге кескін келбеті шығыс үлгісінде сызылған фитнес, медиа орталық, мектеп, оқушылар сарайы, кино театр, стадион, саябақ және астана алаңы сияқты ауқымды жобалардың құрылысы жүріп жатыр. Одан бөлек, жаңа автобекет пен әуежайдың да іргетасы қалады. Биыл облысты да, Түркістан қаласын да 50 пайыз газбен қамту көзделіп отыр.

Әліпбек Өсербаев, қала әкімі:

– Газбен қамтамасыз ету, су мен кәріз жүйесімен және электр энергиясымен қамту мәселесі толық шешілген. Мысалы әкімшілік-іскерлік орталықтың жанынан диаметрі 600-дік газ құбыры өтіп жатыр. Диаметрі 225-тік екі су құбыры келіп тұр. Оның біреуі қазіргі таңда салынып жатқан 26 үйді толық сумен қамтамасыз етеді.

2021 жылға дейін Түркістан тұрғындарының 100 проценті, облыс халықының 70 пайызы көгілдір отынмен қамтылады. Мәселен былтыр шаһардағы жолдардың 25 пайызы қанағаттанарлық болса, биыл бұл көрсеткіш 35 процентке жеткен. Жыл соңына дейін 50 пайызды межелемек. Қазір қалада 100 шақырым жол жөнделіп жатыр. Оның ішінде ірі-ірі төрт көше кеңейтіліп, қайта салынуда.

Ролан Ибрагимов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Саттарханов даңғылында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Майкотов көшесі одан кейін Шәуілдірге шығатын Жібек жолы көшесі жөнделуде. Одан бөлек Түркістанға кіреберістегі жаңа ӘІО Майкотов көшесімен жалғастыру үшін ЖСҚ әзірленіп жатыр.

Өткен жылы Түркістанда 3 ғана асфальт өңдеу зауыты болса, биыл олардың саны 7-ге жетті. 380 азамат жол жөндеу жұмыстарына тартылды. Бұл – көне шаһардың облыс орталығына айналғаннан кейін атқарылған шаруа. Ал туризмді түлетіп, шаһарды саяхатшылардың сүйікті орталығына айналдыру бағытында да жұмыстар жалғасып жатыр.

Жасұлан Төлебеков, облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының орынбасары:

– Жеке инвестицияның есебінен 19 қызмет көрсету нысандары салынып жатыр. Шетелдік туроператорларды осында әкеліп, туристік нысандарымызды көрсетіп, нақты туристер алып келу бойынша келісімшарт жасастық.

«Бүкіл елдің назары ауып, ықыласы түскен шаһарда бәрі болады. Алайда халқының мәдениеті де соған сай биік болуы керек», – дейді белігілі жазушы Мархабат Байғұт. Сол үшін биылдан бастап бүкіл түркі әлемінің көрнекті ақын-жазушылары мен қоғам қайраткерлерінің, спорт және өнер жұлдыздарының басын қосып, пікір алмасатын алаң құрылмақ.

Екі миллионнан аса халқы бар өркендеген өңірдің Түркістан облысы болып құрылуы үлкен өзгерістерге жол ашты. Түркістан түрленіп, түлей бастады. Қайта жаңғырып, жаңа кейіпке енді. Ғасырлар бойы Қазақ хандығының орталығы болған шаһар енді тұтас түркі жұртының рухани һәм мәдени астанасына айналмақ.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы