378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Кәмелеттік жасқа толмаған баланың жалданып жұмыс істеуі қаншалықты заңды?

  • 288
  • UPD: 10:32, 14.06.2019

Жаз мезгілінде еңбек нарығында кәмелеттік жасқа толмаған балалардың үлесі артады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені демалысқа шыққан жеткіншектің кейбірі балалықты тастап, ақша табуға кіріседі. Олардың дені сауда орындары мен кафелерде, көлік жуу орындарында, құрылыс мекемелерінде еңбек етеді.

Кәмелеттік жасқа толмаған, дегенмен жалданып жұмыс істеп жүрген жеткіншекті кезіктіру үшін елордадағы орталық саябақты араладық. Екінің бірі деуге келмейді. Дегенмен сауда жасайтындардың арасында жеткіншектер бар. Мәселен Мерей есімді мына қарындасымыз мамырда тоғызыншы сыныпты бітірген. Жазғы демалысында біраз ақша таппақ. Балмұздақ сатады.

Еңбек заңына сәйкес елімізде 16-мен 18 жас аралығындағылар аптасына 34 сағаттан артық еңбек етпеуі тиіс. Ал 16 жасқа дейінгілердің апталық жүктемесі 24 сағаттан аспауы тиіс. Оның үстіне жұмысқа ресми қабылдау үшін балалардың ата-анасы келісімін беріп еңбек шартына қол қоюы маңызды. Дегенмен біздің елде қағаздан көрі ауызша келісіммен жүргендер басым.

Кәмелеттік жасқа толмаған бала еңбегі дегенде ең әуелі мына екі жағдайдың ара жігін айырып алу мыңызды. Біріншісі баланы отбасының ортақ кәсібіне жұмсау. Яғни жеткіншектің белін буып еңбекке баулу оның жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар еңбектің наны тәтті болатынын түсінеді. Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, жастайынан үй тірлігіне араласқан бала ширақ әрі алғыр келеді. Ал екіншісі жалданып, жатқа жұмыс істеу. Бұл мәселеге келгенде кейбір еңбек түрлері бала денсаулығына, психологиясына, дамуына кері әсер етеді. Сондықтан елімізде осындай 103 мамандық бойынша жеткіншектердің жұмыс істеуіне тыйым салынған. Немесе уақыт ұзақтығына шектеу қойылған.

Бағлан Жалпошов, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің департамент директоры:

– ҚР Еңбек кодексінде жалпы еңбекке кірісу үшін 16 жастан басталады. Ата-анасының рұқсатынсыз жұмысқа кіріп істей береді. Бірақ жұмыс оның оқуына кедергі болмауы керек, психикалық дамуына, өсуіне кедергі жасамауы керек. Егер сол жұмыстарға тартылған жағдайда қылмыстық кодектсің жауапкершілігі қаралған. Соған сәйкес жұмыс берушілер екі жылдық бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ең маңыздысы олар атқарып жатқан жұмыс біріншіден денсаулығына зиян болмауы керек және ол жұмыстар зиянды ауыр жұмыстар болмауы керек. Оның моральдың тұрғыда зардап шекпеуі керек. Мысалы арақ, темекі сататын дүкендерде мүлде жұмыс істеуге болмайды. Түнгі клубтарда балалардың жұмыс істеуіне тыйым салынған.

Министрік өкілінің айтуынша, жеткіншектерді заңда тыйым салынған жұмыспен қамтыған адамға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмаған баланы еңбек келісімінсіз жұмсаған жұмыс беруші 150 айылық есептік көрсеткіш көлемінде шығынға батуы мүмкін. Статистика комитетінің мәліметтеріне қарағанда, былтыр елімізде осы заңды бұзған 10 жағдай тіркелді. Ережені елемегеннің бәрі тиісті жазасын алды. Әрине бұл көзге ілініп қолға түскені ғана. Сондықтан қаншама баланың табан ақы маңдай тері есепсіз кетіп жатқаны әзірге бізге беймәлім. 

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Ермек Кеншінбек

Хабар 24 телеарнасы