380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан Президенті жариялаған 10 бастама ел ішінде қызу талқыға түсті

  • 94
  • UPD: 21:08, 14.06.2019

Президент жариялаған 10 бастама ел ішінде де қызу талқыланып жатыр. Әсіресе әлеуметтік салаға қатысты, сосын баспанамен қамту жайлы ұсыныстарды жалпақ жұрт зор ықыласпен қабылдады. 

Президенттік сайлаудың нәтижесін еліміздегі ұйымдардың барлығы дерлік талдап жатыр. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты да бұл саяси оқиғаға арнап жиын өткізді. Онда негізінен Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткен 10 бастама талқыланды. Әсіресе халықтың тұрмысын жақсарту, тұрғын үй мәселесі және әлеуметтік саясатқа баса назар аударылды.  

Алуа Жолдыбалина, ҚСЗИ бөлім басшысы:

- Жалпы күн тәртібінде әрине әлеуметтік-экономикалық сала әрқашан өзекті болады. Әлеуметтік-экономикалық секторға байланысты көптеген сұрақтар туындап отыр. Әсіресе аймақтарға мән беріледі. Себебі, аймақтардың ахуалы Қазақстанның дамуына толыққанды әсер етеді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде ел басқаруға жастардың тартылатынын атап өтті. Жалпы, бұл ұлықтау рәсімінде өскелең ұрпақты қолдау мәселесі көп айтылды. Жиынға қатысқан аймақ басшылары президент жүктеген міндеттерді орындауға кірісті. Мәселен, Жамбыл облысында жастарды қолдауға 300 миллион теңге бөлінген.    

Исламбек Дастан, «Жастар ұйымдары қауымдастығы» бірлестігінің жетекшісі:

- Бұл облыс әкімдігі бөлген 300 млн теңгесіне жастар өздерінің басты идеяларын жүзеге асырады. Ол жаңашыл болу керек. Ол сол ауылда новациясы болу керек. Бір ауылдық округте бір нәрсе жоқ болса, жасауға беріледі. Бірақ бұл тегін ақша деп жеңіл үстіртін қараудың қажеті жоқ. Басты мақсат жастардың бірінші капиталы болу керек.

Елді елең еткізген тағы бір бастама – билік пен халықтың арасына көпір болуға жарайтын қоғамдық сенім кеңесін құру. Әсіресе оның қатарына кімдерді қосу керек деген сауал көптеген пікірталастарға негіз болды. Алайда, арнайы топтың қатарына енетін азаматтарға қойылатын басты талап біреу - ол тұрғындардың көкейінде жүрген күрделі мәселелерді жауапты мекемелерге жеткізу.

Динара Шайжүнісова, «Болашақ» қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы:

- Біз үшін оған қандай әлеуметтік топ өкілдерінің кіретіні маңызды. Сондықтан кеңеске әр саланы жақсы білетін, сол тақырыптың маманын тартқан жөн. Мәселен, біз ерекше балалар жөнінде айтсақ, бұл көпбалалы отбасылардың мәселесімен айналысып жүрген адамдар, не болмаса ұйым өкілдері болуы тиіс. 

Бұл бастамаға қатысты қоғамдық қор өкілдері де үн қатты. Мәселен, «Қаһарман ұрпақ» ұйымының президенті Қайрат Елубаевтың пікірінше, негізі қаланғалы отырған жаңа институт – тұтас мемлекетті қамтып, барлық әлеуметтік топты біріктіретін алаңға айналуы тиіс.    

Қайрат Елубаев, «Қаһарман ұрпақ» ҚҚ президенті:

- Расында да біздің халқымызда көп мәселелер бар әлі шешілмей жатқан. Оны шешу үшін әр аймақтан, әр жергілікті жерден осы кеңесте халықтың жаңағы ұсынысын жеткізетін, жаңағы ақиқатты айтатын, Президентке жеткізетін сондай мүшелер болу керек деп ойлаймын.

Қазір ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің тізімі жасақталып жатыр. Арнайы топтың алғашқы отырысы тамыз айына жоспарланған.

Авторы: Нұршапағат Несіпбаев

Хабар 24 телеарнасы