389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында бір топ дәрігер кәсіби мереке қарсаңында баспаналы болды

  • 220
  • UPD: 21:06, 14.06.2019

Қарағанды облысында кәсіби мерекелері қарсаңында бір топ дәрігер баспаналы болды.

Шахтинск қаласында екі бірдей емдеу мекемесі жұмыс істеп тұр. Бірақ, сол екеуінде де білікті маман тапшы. Басты мәселе баспана еді. Осы проблеманы шешу үшін шаһарда 32 пәтерлі «дәрігерлер үйі» тұрғызылды.

32 пәтер, 32 дәрігер. Мереке қарсаңында осынша маман баспаналы болды. Олардың көбісі шаһарға сырттан келген дәрігерлер. Мәселен, мұнда Қарағандыдан келген Махановтар отбасы жақында сәбилі болды. Сондықтан, оларға 3 бөлмелі пәтер бұйырыпты.

Әсел Маханова,  дәрігер:

- Біз осы жылдан бастап Шахтинск қаласының емханасында учаскелік терапевт болып жұмыс істейміз. Университетті бітіре сала осылай тұрақты жұмыс пен кең баспанаға ие болғанымыз үшін өте қуаныштымыз. Енді бұйыртса еш қамсыз жұмыс істей береміз.

Бос тұрған ғимаратты жөндеп, одан осындай жайлы үй жасауға жергілікті бюджеттен жалпы 155 млн теңгеге жуық қаражат бөлініпті. Ал әр пәтер өмір сүруге қажетті тұрмыстық техникалар және жиһазбен жабдықталған. Дәрігерлердің алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалып отыр. 

Шолпан Бейсембаева, қалалық емхана директорының орынбасары:

- Бізге келіп отырған мамандар педиатр, терапевт секілді сұранысқа ие дәрігерлер. Біздің қызметкерлерге пәтер беріледі дегенді естіген соң Қарағанды, Нұрсұлтан, Шымкент және Алматы қалаларына барып, университет түлектеріне бірінші кезекте баспана ұсынатымызды айттық. Олар да бірден келісе кетті.

Шахтинскіде жақында емхана да күрделі жөндеуден өткізілді. Қырық жыл бойы қалыпқа келтірілмеген мекеме, енді жаңа кейіпке енген. Жалпы шаһарда қазір жүзден астам дәрігер қызмет етеді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Марина Золотарева, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы