384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарлық хирург әйел елу жылда 10 мыңнан астам операция жасаған

  • 587
  • UPD: 21:33, 14.06.2019

Павлодарлық Зинаида Раздoрская өңірдегі алғашқы хирург әйел. Бүгінге дейін ол 10 мыңнан астам операция жасап, мыңдаған адамның өміріне араша болған екен.

Халықтың алғысына бөленген білікті хирургтың өмір жолы әріптесім Ақмарал Есімханованың сюжетіне арқау болды.

Зинаида Раздорскаяның жұмыс күні таңның атысымен таласа басталады. Ауруханаға көлікпен баруды ұнатпайды, тек жаяу жүреді. Күнбе-күн төрт шақырымнан астам жолды еңсереді. Тәуліктің кез келген уақытында  ауылдастарына көмекке келуге асық.

Хирург, акушер-гинеколог, травматолог, жедел медициналық қызмет маманы. Зинаида Раздорская бұл салаларды жетік меңгерген әмбебап дәрігер.

Зинаида Раздорская, жоғары санатты дәрігер-хирург:

- Ұстазымның «Зинаида, сен хирург болуың керек, лайықсың» деген сөздері әлі есімде. Қызығы мен қиыны қатар жүретін мамандықты меңгеруді сол кезде шештім. Институтты тәмамдағаннан соң Ертіс ауданына жолдамамен келдім. Еш өкінбеймін!

Сол сәттен бері 50 жыл өте шығыпты. Бүгінде сексеннің сеңгіріне жетсе де, зейнетке шығу ойында да болмапты. Қимылы ширақ, мақсаттары көп. Білікті маман үшін операцияның жеңілі жоқ. Адам өмірі бәрінен қымбат.

Зинаида Раздорская, жоғары санатты дәрігер-хирург:

- Операциялар өте көп болды. Жүректі тігіп, адам бассүйегінен оқ алып шығу әрекеттер де жасалды. Біздің мамандық сергек ойлап, жедел, ақылды шешімдерді қажет етеді. Жарты ғасырда саланы жетік меңгеруге тырыстым. Жемісін көрудемін.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Медицинада хирургия әйелдің ісі емес деген ұғым бар. Дегенмен, ғұрымының елу жылын бұл салаға арнаған Зинаида Раздорская асқан жауаптылықты талап ететін бұл мамандықты мінсіз меңгерді. Жарты ғасыр ішінде маман 10 мыңнан астам операция жасап, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалды.

Қабдулхамит Жүсіпов, әріптесі:

- Зинаида Николаевна Раздорскаямен екеуміз 30 жылдан аса бірге қызмет етеміз. Мен осында келгенде ол кісі осында бөлім меңгерушісі болып істеген. Осы уақытқа дейін, мінеки зейнеткерлікке шықса да жұмысын атқарып жатыр. Өте тәжірибелі маман, көп жас мамандар осы кісіден үлгі алып, тәжірибе алып үйренді.

Ақ желеңді абзал жан төл мерекесін әдетте өзі емдеген азаматтардың ортасынан табылады.

Анна Катиева, Ертіс ауылының тұрғыны:

- Мен соқырішек ауырып қалып, ішім ауырып, сонда Зинаида Николаевна, қолы жеңіл өте, операция істеп, аман қалдым. Алғыс айтамын. Осы мейрамымыздың алдында зор денсаулық тілеймін ол кісіге, жасына жас қосылсын, аман болсын!

Зинаида Раздорскаяның ұлы Владимир анасының жолын қуып, медицина ғылымдарының докторы атанған. Үйінде сүйікті жары Виктор Николеавич асыға күтеді. Агроном-тұқым өсіруші де қол қусырып отыра алмайды. Ауласында жеміс, көкөніс өсіреді.  Халық өнерінен де кенде емес.

Дарынды дәрігер, аяулы жар, аңыз адам, өз ісінің шебері! Зинаида Раздорскаяға қандай мадақ айтсақ та артық етпес.

- Спасибо вам, за то, что нам дарите здоровье

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов

Хабар 24 телеарнасы