382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада балаларға тапанша кезенген адамды ұстаған полицей наградаға ұсынылды

  • 56
  • UPD: 22:46, 14.06.2019

Елорадада жеткіншектерге қару кезенген күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция тергеу жүргізіп жатыр. Ал қаскөйді ізін суытпай ұстаған тәртіп сақшысы мемлекеттік наградаға ұсынылды.

Аға сержант Руслан Шмидттің ішкі істер органдарында қызмет етіп жүргеніне 5 жылға жуықтаған. Әріптесі Жандос Өзбек екеуі кеше әдетінше өздеріне тиесілі аумақтағы тәртіпті қадағалап жүрген.

Кенет жан ұшыра жүгіріп келген екі жеткіншек полиция қызметкерлерінен көмек сұрайды. Араққа сылқия тойып алған ер адам ойын ауласында алаңсыз жүрген бүлдіршіндерге қару кезеніпті. Тапаншамен қорқытып, балалардың зәресін алған.

Руслан Шмидт, Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің патрульдік полиция қызметкері:

- Өзіме тиесілі аумақты тексеріп жүрген сәтте екі жеткіншек жаныма жүгіріп келіп, белгісіз ер адамның оларды тапаншамен қорқытып жүргенін айтты. Бірден айтылған орынға бардым. Сөйтсем, орта жастағы күдікті қолына суық қару алып, маңайдағы балаларды үркітіп жүр екен. Ұзақ күтпей, оны сол маңайда тұтқындап, полиция бөлімшесіне жеткіздік. 

Оқиғаны куәгерлер ұялы телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. Мұны көрген жұрт ерлік танытқан полицейдің әрекетін жоғары бағалады. Ал қолға түскен күдікті уақытша тергеу изоляторына қамалды. Жасы елуден асқан азаматтың әзірге өзге қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталмады.

Руслан Шәріпбаев, Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары:

- Қазіргі уақытта аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.  Күдіктінің осыған дейін істі болғанын немесе болмағанын анықтап жатырмыз.

Елордалық полицейлер осыған дейін де ерлігімен көзге түскен еді. Осыдан екі ай бұрын Есіл өзеніне батып бара жатқан тұрғынды тәртіп сақшылары аман алып қалған.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Бүлдіршіндерді қауіп-қатерден сақтап қалған сақшыны полиция департаменті басшылығы мемлекеттік наградаға ұсынды. Ел ішіндегі тәртіпті қызғыштай қорып жүрген полицейдің еңбегі осылайша елеусіз қалмайды.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы