389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысындағы асылтұқымды жылқылар ел намысын қорғайды

  • 549
  • UPD: 15:23, 15.06.2019

Келер айда асылтұқымды Адай жылқылары ат спорты түрлерінен өтетін «Еуразия кубогына» қатысады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Халықаралық жарыста «Маңмаңгер» мен «Бумер» атты қос тұлпар Маңғыстау облысының ғана емес, бүкіл еліміздің намысын қорғайды. Аймақтағы ат спорты федерациясының басшылары ғасырлар бойы Маңғыстаудың қатаң табиғатына бейімделген жүйрік те төзімді Адай тұқымды жылқыларын баптауға баса назар аудара бастады. Арнайы бағдарлама қабылданып, дүбірлі сайыстарға қатысу жоспары бекітілді. 

«Бумер» есімін иеленген тұлпар халықаралық додаға дайындықты бастап кетті. Атбегілер ұзақ қашықтыққа шабатын жылқыдан үлкен үміт күтіп отыр. Жануар жуырда ғана Қырғызстанда өткен халықаралық жарыстан жеңіспен оралыпты.

Шадырақ Ермекбайұлы, облыстық ат спорты түрлері федерациясының президенті:

- «Достық» кубогында артта тұрған бумер 60 шақырымда жақсы келіп, соңғы 20 шақырымда Кабардина-Балкария Қарашайдың аттарын 20 км тастап келді. 20 км бұрын келді деген сөз. Бұның салқынқандылығы, жақсылығы, артықшылығы сонда. Сіз аттың кішкентайлығына қарамаңыз. Бұл шапшаң жүреді.

Алдағы шілде айында болатын халықаралық жарыста «Бумерді» тәжірибелі шабандоз Жеңісбек Етіреков тізгіндейтін болады. Ол 5 жасынан бастап ат құлағында ойнап келеді. 11 жыл ішінде талай тұлпардың жеңісіне куә болыпты.

Жеңісбек Етіреков, шабандоз:

- Ат – ердің қанаты. Атты бағалай білу керек. Оның жан дүниесін түсініп білу керек. Әр аттың өзінің сыры бөлек қой. Жүріс-тұрысы, мінезі, еркелігі бар, соны түсініп білу керек.

Адай жылқылары мініске шыдамды, кез келген ауа райына, ыстыққа да, суыққа да төзімді келеді. Жыл он екі ай жайылымды ғана пайдаланатын, қосымша азықты қажет етпейтін бұл тұқым күтім талғамайды. Теңіз суын ішетін жалғыз жануар. Жүйріктері ұзаққа шабады, 40-50 шақырымға шаршамай еркін жетеді. Арнайы сынақтарда тәулігіне 300 шақырымды жүріп өткен кзедері болған.

Аманғали Бағдабаев, атбегі:

- Басқа аттардан ерекшелігі, бұлардың жүрек соғысы өте төмен. Мысалға, жылқыда 64 соққыдан жоғары болмайды. Ал бұл жылқыларда 32-38 көрсетіп тұра береді.

30 жылдан бері ат баптап келе жатқан Аманғали Бағдабаев соңғы уақытта ата-бабадан келе жатқан асыл мұрамыз – атқа міну мәдениетінің дамуына да атсалысып келеді. Ол 100-ден астам балаға ат жалын тартуды үйретіпті. Жасөспірімдер бәйгеден өзге көкпар тартуды, аударыспақ пен теңге ілу секілді ұлттық ойындарды меңгеруде.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалдиев

Хабар 24 телеарнасы