388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына – 85 жыл

  • 561
  • UPD: 18:03, 15.06.2019

Биыл Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына – 85 жыл.

Мерейтойға орай еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі шаралар өтіп жатыр. 

Кезекті бір жиын бүгін Алматыда өтті. Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева Алматыдағы бірқатар қаламгермен кездесті.

Сонау 1934 жылы қазақ жазушыларының бірінші құрылтайында қазығын қағып, шаңырағын көтерген Жазушылар одағы бүгінде руханияттың орталығына айналған. Ұлттың әдебиетін жасаған қарымды қаламгерлердің көші үзілген емес, заман талабына сай тынысы ашылып, бағыты кеңейіп келеді.

Ұлықбек Есдәулет, ҚР жазушылар одағының төрағасы, ақын:

– Қазақ әдебиеті өз қазанында өзі қайнай бермей, әлемдік кеңістікке шықса, әлемдік қауымдастыққа араласса, дүние жүзіндегі қаламдастармен танысып білісіп, өз шығармаларымен белестерге көтерілсе деген оймен көптеген шетелдік байланыстарға қол жеткіздік. Халықаралық поэзия фестивалін өткіздік.

Жақында ғана әлемнің 6 тіліне аударылған заманауи қазақ әдебиетінің үздік туындыларының антологиясы жарық көрді. 160 қазақстандық автордың таңдамалы шығармалары еңген бұл туынды әлемнің 90-нан аса еліне таралмақ. Жазушылар одағының облыстық бөлімшелерінің жұмысы да жанданып келеді.

Әлібек Шегебай, ҚР жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, ақын:

– Түркістандық 25 қаламгердің өзінің сайтын ашуы, «Тұран Түркістан» журналының дүниеге келуінің өзі де облыстағы қаламгерлерді қолдау, олардың дүниелерінің, жас таланттардың жарыққа шығуына үлкен мүмкіндік. Және ол тек қана республикалық емес, халықаралық деңгейдегі түркі халықтарына ортақ журнал деп есептейміз.

Биыл тағы бір асу – 85 жылдығын атап өткелі отырған Жазушылар одағына бүгін ел Президенті атынан қызметтік көлік сыйға тартылды.

Аида Балаева, ҚР Президенті әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі:

– Бағдарламаларды халыққа жеткізуде қаламгерлердің рөлі өте зор. Сондықтан осындай үлкен тарихи кезеңде еліміздің тұрақтылығын нығайтуға, руханиятымыздың кемелденуіне өздеріңіздің рөлдеріңіз өте зор. Шығармаларыңызда осы құндылықтарды насихаттай берулеріңіз тиіс деп ойлаймын.

Айта кетейік, шілде айында Нұр-Сұлтан қаласында Еуразия астаналары қаламгерлерінің форумы өтпек. Сондай-ақ қыркүйекте, Азияның 46 мемлекетінен келетін100-ден астам ақын-жазушы елімізде бас қосады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы