384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тәртіп сақшыларының ерлігі ескерусіз қалмайды

  • 169
  • UPD: 21:59, 15.06.2019

Ақтаулық тәртіп сақшыларының қатарында да ерлігімен көзге түскендер аз емес.

Мұнайлы ауданында патрульдік кезекте жүрген Асқан Қадыршаев басын қатерге тігіп, өртке оранған үйден төрт адамды алып шықты.

Ал тапа тал түсте дүкеншіге қару кезенген қаскөйді Нұрғали есімді полицей қолға түсірді.

Талғат Исламұлы, тілші:

– Теңіз жағасындағы қаланың қауіпсіздігін тәртіп сақшылары атпен, жол талғамайтын жүрдек квадроциклмен және дыбыссыз қозғалатын электромобильдермен жүріп бақылайды. Біз сұхбат алуға келе жатқан екі жігіт автопаркі осындай көлік түрлерімен жарақтанған полиция жасағының құрамында қызмет етеді.

Биылғы мамыр айында Басқұдық елді мекенде екі қабатты үй өртенді. Оны көріп, көмекке ұмтылған патрульдік жасақ құрамында Асқан Қадыршаев та болды. Түтінге оранған үйге жедел кіріп полицейлер төрт адамды қауіпсіз жерге алып шықты. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, дәрігерлер келгенше жанында болды. Тұтас бір отбасының өмірін құтқарып қалған ол қазірде өз қызметінде жүр.

Асқан Қадыршаев, Мұнайлы аудандық ПБ патрульдік рота командирінің орынбасары:

– Біздің міндетіміз болғандықтан, алғашқы көмекті көрсетуге тиіспіз. Алдағы уақытта да өрт болған жағдайда және басқа да көмек керек болған кезде де біз әрдайым көмектесуге дайынбыз.

Ал Нұрғали қарусыздандырған ер адам тал түсте 32Б шағын аудандағы дүкенге кіреді. Ыстықтан шөлдеген полицей мұнда салқын су алуға келген екен. Тапанша ұстаған мас жігітті көрген бойда жедел қимылдап, оның қаруын тартып алады. Әріптестерін шақырып, күдіктіні тапсырады. Ол бұған дейін патрульдік жасақта болған еді. Қазір ювенальды полиция инспекторы атанды. Қала ішілік рейдке шығып, кәмелетке толмаған балалардың құқықбұзушылыққа бармауын қадағалап жүр.

Нұрғали Асқаров, қалалық ПБ ювеналды полиция инспекторы:

– Мектептен тыс аумақта жүреміз. Рейдке әр сенбі мен жексенбі сайын шама келгенше шығып тұрамыз. Ал күндізгі мезгілде түнгі 11-ге дейін көшеде жүреміз. Көп дегенде екеу немесе үшеуі болады. Жалпы профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі.

Бұл жігіттердің ерлігін басшылық ескерусіз қалдырған жоқ. Бұрын аға лейтенант болған Асқан – бүгінде капитан. Ал Нұрғалидың қызметтік шені аға сержанттан лейтенантқа өсті. «Біз өз міндетімізді марапат алу үшін емес, қоғам қауіпсіздігін сақтау үшін атқарамыз», – дейді олар. Расында да мүгедек адамның жолдан өтуіне көмектесіп, оталмай қалған көлікті орнынан қозғауға ұмтылған ақтаулық полицейлер туралы әуесқой түсірілім әлеуметтік желіде көп. Халықтың ризашылығын мынадай бейнекадрден көруге болады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы