383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде африкалық жайын өсіріліп жатыр

  • 132
  • UPD: 08:40, 16.06.2019

Ақтөбеде африкалық жайын өсірілуде. Өңірде алғаш рет қолға алынған ерекше жобаның жемісін көп ұзамай тұтынушылар да көретін болады.

Қазір балық өнімдерінің алғашқы легі сауда сөрелеріне дайындалуда. Ал болашақта шетел нарығына да шығару көзделген. 

Африкалық жайын Ақтөбе өңірінде алғаш рет өсірілуде. Тек жылы суда ғана мекендейтін жәндіктер үшін арнайы табиғи орта қалыптастырылып, сумен қамтудың бірегей тұйықталған жүйесі қолданылып жатыр. Себебі, балықтарды ашық алаңдар мен тоғандарда өсіруге жергілікті климат қолайсыз. Ал өндірістегі технология жайындардың тез көбейіп, мол өнім алуға септігін тигізеді.

Роман Цыркин, ихтиолог: 

- Бұл балықтар өте пайдалы. Тек спортпен шұғылданатындар ғана емес, баршаның тұтынуына болады. Әрі африкалық жайындар тек белгілі температурада және таза суда ғана өсіп жетіледі. Сондықтан адам ағзасы үшін өте тиімді. Біз де барлық тиісті талапты сақтап отырмыз.

Жайын өсіруді қолға алған кәсіпорын әзірге толық қуатында жұмыс істемейді. Дегенмен, ғылымға негізделген іс жүйесі қалыпты жолға қойылған. Шабақтан үлкейіп жетілгенге дейінгі кезеңдерді қамтитын желі мен зертхана және қажетті цехтар бар. Болашақта мұнда жылына мың жарым тонна балық өнімі дайындалады. Қазірдің өзінде, ақтөбеліктерге ұсынар тауары бар.

Гайк Тертерян, кәсіпкер:

- Ең алдымен ақтөбеліктерді өніммен қамтығымыз келеді. Бірер апта сауда сөрелеріне жеткеізетін боламыз. Одан кейін Қазақстанның өзге аймақтары мен шетел нарығына шығаруды көздеп отырмыз. Басты мақсатымыз өңдеу арқылы қалбырдағы және өзге де өнім түрлерін дайындау. Ол үшін қазір кешен салып жатырмыз.

Кешен құрылысы ескі зауыттың орнында салынып жатыр. Жоспар бойынша қарашада аяқталып, іске қосылуы тиіс. Әзірге жұмыс тәртібі жергілікті мамандарды үйретіп жатқан ресейлік ғалымның көмегімен жүруде.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы