384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысының кәсіпкерлері қосымша қолдау шараларының болғанын қалайды

  • 224
  • UPD: 23:41, 16.06.2019

Ертіс өңіріндегі ағайынның көңілі тоқ.

Олай дейтініміз, еңбек етіп, нәпақа табамын деушілерге мемлекет тарапынан қолдау бар, деп хабарлайды «Хабар 24». Ауылдық жерлерде бизнесті дамытуға бағытталған бағдарламалардың шарапатын көргендер баршылық.

Тұрғындардың бірі мал басын көбейтемін десе, енді бірі құрылыс материалдарын өндіргісі келеді.

Ғабит Бердалин бұған дейін сауда саласында жұмыс істеген. Жеке ісін дөңгелетуді мақсат етіп, ішкі нарықтың сұранысын зерттеген. Нәтижесінде ауыл тұрғындарының құрылыс материалдарына деген сұранысын өтеуді көздеді. Дегеніне жетуге мемлекеттік бағдарлама сеп болды.

Ғабит Бердалин, кәсіпкер:

- Алты процентпен несие алдым. Сегіз сотық жерде, міне, 25 сотық жерді алдым, бос жатқан еді. Жоғары вольтты линия тарттым, 600 метрдей. Үш жұмыс орнын аштым. Міне, трактор. Қолымыздан келгенін ақырын істеп жатырмыз.

Кәсіпкер шикізатты жергілікті кәсіпорындардан сатып алады. Бір кірпіштің нарықтағы бағасы 200 теңгеден аспайды. Баға қолжетімді болғандықтан, өнім өз тұтынушысын тез табады.

Былтырғы жылы Баянауыл ауданында шағын кәсіпкерлікті дамытуға 206 млн теңге бөлінген. Биылғы жылы бұл көрсеткші артады деп күтілуде. Себебі, кәсіпкерлер қазіргі таңда мал шаруашылығынан бөлек қызмет көрсету және осындай кәсіпорындарды ашуға басымдық берген. Мәселен, бұл кішігірім зауытта күніне қарапайым шлактан 200-ден астам кірпіш құйылады. Құрылыс материалдарына деген сұраныс күннен-күнге артып жатқандықтан, кәсіпкер бұл бизнесін кеңейтуге де бар.

Былтыр ауданда жаңадан ашылған кәсіпорындардың көмегімен 100-ге жуық адам екі қолға бір күрек тапқан. Тағы 40-тан астам азаматқа қайтарымсыз гранттар үлестіріледі деп күтілуде.

Ғабдолла Тәліпов, Баянауыл аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы:

- 32 адамның тізімі түсіп, өздерінің кәсібін әрмен қарай дамытуға жобалары бойынша қорғап, мал алу жөнінен, кірпіш құю жөнінен, тағы іс тігуге байланысты несиені игеріп аламыз. Осы айдың аяғына дейін 85 млн теңге бірінші транш түсіп отыр. Енді екінші траншты тамыз айында тосып отырмыз.

Мемлекеттік қолдаудың көмегін көргендердің қатарында Салтанат Кукузова бар. Кәсіпкер алты млн теңгенің несиесін алып, Железин ауданында жол бойында дәмхана ашқан. Ендігі мақсаты – бизнесін кеңейту.

Салтанат Кукузова, кәсіпкер:

- Біздің жоспарымызда биыл монша салу болатын. Қазір, міне, жөндеу жүріп жатыр мұнда.

Былтыр облыста «Еңбек» бағдарламасы бойынша 1,7 млрд теңге бөлінді. Өткен жылғы нәтиже бойынша 400-ден астам жоба қаржыландырылған. Ауылдық жерде бизнес ашамын деушілердің қатары көбейіп келеді. Сондықтан тұрғындар мемлекет қолдаудың қосымша шараларын қарастырса деген ойда.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы