383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында құзға өрмелеуден республикалық фестиваль өтті

  • 181
  • UPD: 23:36, 16.06.2019

Бурабайға елдің түкпір-түкпірінен құзға өрмелеушілер жиналып Оқжетпестің биігіне шығудан жарысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай республикалық фестиваль биыл курортты аймақта алғаш ұйымдастырылып отыр.

Жастар жылы аясында өткен шараға бас-аяғы 60 шақты спортшы қатысты.

Мұндай қауіпсіздік ережелерін әр қатысушы міндетті түрде ескеруі тиіс. Себебі, Оқжетпестің шыңына шығу оңай шаруа емес. Ал Алматы қаласынан келген Александр үшін бұл əдеттегі жаттығу десе де болады. Өйткені ол 15 жыл альпинизммен айналысқан.  

Александр Литовченко, спортшы:

- Мен альпинизммен 15 жасымнан бастап шұғылданып келемін. Ал құзға өрмелеуді жақында бастадым. Бурабайдың бір ерекшелігі, мұнда табиғат тамаша, таза ауа. Сондықтан көп шаршай қоймайсың.

Фестивальға 12 жастан бастап қатысуға болады. Екі күнге созылған сайыс барысында кәнігі спортшылар мен әуесқой қатысушылар бөлек-бөлек сынға түсті. Бірақ екі топта да өзгермейтін бір шарт бар. Ол – биік шыңды бағындырамын деген күш-жігер. Ал шараның басты мақсаты – бұқаралық спортты дамыту.

Еркеғали Қарбозов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК директорының орынбасары:

- Бұқаралық спорттың аясы да, географиясы да кеңеюде. Мысалы, соңғы жылдары біз қазір шығыста Алакөлде, Бұқтырмада дуатлоннан сайыстар өткізіп жүрсек, бұқаралық спорттық шараларды, батыста Маңғыстауда автоспорттан өткізіп жатсақ, міне, биыл сұлу Көкше жерінде Бурабайда құзға өрмелеуден республикалық фестиваль ұйымдастырып отырмыз.

Қатысушылар құздың етегіне жеткенше 300 метр жол жүреді. Ал шыңның биіктігі шамамен 150 метр. Осындай қиындықтарды артқа тастап, шың басына шыққандарға ұйымдастырушылар арнайы медаль тақты.

Ал жалпы сайыстың қорытындысы бойынша көптен оза шапқандарға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Айта кетейік, аталған фестиваль Бурабайға туристерді көптеп тарту үшін жасалып отыр. «Мұндай шараны енді жыл сайын өткізу жоспарда бар», – дейді ұйымдастырушылар.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы