383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда велостанциялар қайта ашылуы мүмкін

  • 119
  • UPD: 09:03, 17.06.2019

«Қаржы табылса, велостанциялар қайта ашылады». Ақтаудағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мамандары осылай дейді.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Маңғыстау өңірінің орталығында бес велостанция іске қосылған еді. Бастапқыда оған халықтың ынтасы жоғары болды. Кейін велостанция маңында кісі қарасы азайды. Оның себебі де бар.

Талғат Исламұлы, тілші:

– 10-ықшам аудандағы «Ботаникалық бақ» алдында велостанция былтыр жазда ашылған еді. Мұнан соң қалалық әкімдік пен жаңа Достық үйі маңында тағы төрт станция іске қосылды. Қазір олардың орны бос тұр. Өйткені велостанция қызметін пайдалану міндетті түрде тіркеуге тұрып, жылына 31 мың теңге төлеу қажет болды. Әрине, көпшілік үшін теңіз жағасында бар-жоғы 500 теңге төлеп, велосипедпен серуендеген әлдеқайда тиімді.

Велостанциялар алғаш іске қосылған кезде көпшілікке пилоттық жоба деп таныстырылды. Жауапты мамандар олардың жабылып қалуын төлемақы қабылдайтын кассаның болмауымен байланыстырады. Ал ғаламторда тіркеуге тұрып, жеке басына қатысты мәліметтерді жазуға кез келген адамның келісе бермейтіні ақиқат. Қаржы табылып, велостанциялар биыл қайта ашылып жатса, осы мәселе бірінші кезекте ескеріледі. 

Халил Таимов, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның бас маманы:

– Пилоттық жобаны біздің корпорация қоғамдық қормен бірлесе жүзеге асырды. Бес велостанция былтырғы тамыздан бастап өткен мамыр айына дейін іске жарамды болды. Жұмысын тоқтатуының басты себебі – қаржының жетіспеушілігі. Яғни велосипедті пайдалану ақысы жеткілікті мөлшерде жиналған жоқ. Осы себепті оларды басқа қалаға көшіруге бірлескен шешім қабылданды. Жалпы көпшіліктен әлі күнге сұраныс бар. Қаржы табылған жағдайда велостанциялар биыл қайта ашылуы мүмкін.

Жалпы ақтаулықтардың велосипед тебуге ынтасы жоғары. Бұқаралық спорттың осы түріне қызығатын адамның көптігін кешқұрым теңіз жағалауына барсаңыз, түсінесіз. Екі немесе төрт дөңгелекті велосипедке жас пен кәрі мініп, жағажай бойлай салынған жолақта қараңғы түскенше серуен құрады. Мұндағы велосипед тебуге арналған арнайы жолдың ұзындығы үш шақырымнан асады.

Қайрат Ақыбаев, қалалық ТҮКШ басшысы:

– Теңіз жағалауын дамыту, инфрақұрылымын абаттандыру бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілген. Самал шағын ауданынан бері қарата есептегенде, полиция бекетіне дейін 3400 метрді құрайтын веложолы бар. Арнайы балаларға да арналған алаңымыз бар. Ол жер 460 метр жерді құрайды. Ол жерде тек қана велосипед емес, балаларға арналған ойыншық автокөліктер және де сауда-саттыққа арналған жерлер бар. 

Күннің қызуы басыла теңіз жағалауында сауда қызады. Көпшілік таңдауы түскен велосипедті қолжетімді бағада тебуге асық. Оларды жалға беретін кәсіпкерлер үшін жиырма бес орын белгіленген. Әкімдіктен рұқсат етілген үш мың төрт жүз метрден ұзап шыққан адамға және оны бақылаусыз қалдырған велосипед иесіне айыппұл салынады. Бұл – велосипедпен бала қағу дерегінің алдын алу үшін жасалған амал.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы