384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында әлеуметтік баспана құрылысы қарқын алды

  • 147
  • UPD: 11:15, 17.06.2019

Әлеуметтік бағдарламалар бойынша тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін Павлодар облысына республикалық бюджеттен 1 млрд 200 млн теңге қаржы бөлінді.

Бұл шамамен – 150 пәтердің құны. Ертіс өңірінде құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес. Жыл басынан бері 107 отбасы баспаналы болды. Жалпы «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан 57 жанұя қоныс аударған екен.

Әлеуметтік бағдарламалар бойынша салынып жатқан үйлерді жергілікті билік басты назарда ұстап отыр. Қаржы жеткілікті көлемде бөлінген. Тек құрылыс қарқынды жүргізілуі тиіс.

Асқар Ажмұрат, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

– «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес Павлодар облысына биыл 1 млрд 200 млн теңге қаржы бөлінді. Сол бөлінген қаржыға біз 143 пәтер сатып алуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта 57 пәтер алынды. Ол үйлерге адамдар кірді. Соған жаңағы берілген ақшаның 478 миллионы жұмсалды.

Шенеуовтар шаңырағында 4 бала өсіп келеді. Бұл отбасы Екібастұзға Нұр-Сұлтан қаласынан көшіп келген. Жаңа жерге бейімделіп қалыпты. Жергілікті билік баспанамен ғана емес жұмыспен де қамтамасыз етуге уәде беріпті. 

Рауан Шенеуов, жаңа пәтер иесі:

– Нұр-Сұлтан қаласында ТЭЦ-та істедім. Слесарь қызметін атқардым. Осында да ГРЭС-тен ұсыныс түсті. Вакансия бар екен. Сол «Нұрлы Ертіс» жобасы бойынша 3 бөлмелі пәтерді алып отырмыз.

Сәуір айында Ақсу қаласында 70 шаңырақ қоныс тойын тойлаған болатын. Бүгінде шағын қалада 28 үйдің құрылысы басталған. Үй салынатын жер белгіленіп, инженерлік –коммуникациялық инфрақұрылым тартылған. Құрылыс айналасы екі айда аяқталады.

Берік Омарханов, Ақсу қаласы әкімінің орынбасары:

– Әр үйге қосымша 16 сотық жер бөлінеді. Жылуы, суы бәрі орталықтандырылған, 84 шаршы метрлік 4 бөлмелі пәтерлер қарастырылған. Тамыз айында көп балалы 56 отбасыға тапсырамыз деп отырмыз.

Бұған қоса, Павлодар облысында қараусыз қалған көп қабатты үйлер де қалпына келтіріледі. Солардың бірі,   қаланың іргесінде тұрған Ленин кентіндегі бес қабатты үй. Жергілікті  биліктің шешімімен  ұзақ жылдар қаңырап бос тұрғын ғимарат  жөнделіп   баспанаға мұқтаж жандарға  тапсырылады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы