388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде көп қабатты 150 үйдің сырты сырланады

  • 352
  • UPD: 18:31, 17.06.2019

Ақтөбеде көп қабатты тұрғын үйлердің сыртын бояу жүмыстары жүргізіліп жатыр.

Биыл қаланың 150 жылдығына орай 150 үйдің қасбеті түрлі түске енеді. Шаһардың көркін асырған ауқымды іс, тек демеуші кәсіпкерлердің көмегімен жүзеге асып жатыр.

Ақтөбелік Надежда Шульга қаладағы көп қабатты үйлердің сырланып, жаңа кейіпке еніп жатқанына риза. Бала күнінен бері шаһарда тұратын ол, облыс орталығында мұндай тәжірибе алғаш рет жүріп жатқанын айтады. Жуырда, өз пәтері орналасқан бес қабатты ғимарат та сары түске енді. Бұл соңғы 18 жылдан бері баспанаға жүргізілген ауқымды жаңарту ісі дейді.     

Надежда Шульга, қала тұрғыны:

- Үйіміз жаңа кейіпке еніп отыр. Көңілімізге қуаныш ұялатады. Бұл осында тұрып жатқан бәріміздің арманымыз болатын. Былтыр ауламызда балалардың ойын алаңы пайда болды. Енді міне сырты боялды. Осылайша, әйгілі ғалым Шоқан Уәлиқановтың есімі берілген көшеміз де жаңарып қалатын болады.

Қаладағы көп қабатты тұрғын үйлердің сыртын бояу соңғы екі жылдан бері жүргізіліп келеді. Осы уақыт ішінде 38 нысанның қасбеті жаңарды. Ұлттық болмысымызды білдіретін суреттер мен өңірден шыққан атақты тұлғалардың бейнелері де биік ғимараттарға салынып, Ақтөбенің көркін асырды. Оның арасында батырлар мен әлемге әйгілі болған музыка майталмандары да бар. Биыл бұл жұмыс ерекше қарқын алмақ.

Ұшқын Мыңбаев, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары:

- Қаланың 150 жылдығына орай 150 үйдің сыртын архитектуралық талаптарға сәйкес бояуды қолға алып отырмыз. Биыл 32-сін аяқтадық. Бұл жұмыс қаланың кәсіпкерлері мен демеушілері тарапынан өзара келісім бойынша атқарылып жатыр. Бюджеттен қаржы бөлінбейді. Түсіне қатысты бірнеше үлгілері жасалады. Әлеуметтік желі арқылы тұрғындардың пікірі тыңдалады.

Қала кейпіне қатысты қолға алынған бұл жұмыс көп тұрғынның қолдауына ие. Алайда кәсіпқой суретшілердің «пікіріміз ескерілсе» деген тілегі бар. Олар ғимараттар боялмас бұрын көп талқылаудан өтуі қажет дейді. Себебі әрбір түс, талғам жас ұрпақтың тәрбиесіне де әсер ететінін айтады.

Жеңіс Жұбанқосов, суретші:

- Біріншіден, конкурс жариялау керек. Адамдар қатысып, өз жобаларын алып келуі қажет. Сондай дәрежеде болуы керек қой. Жәйден жәй сала берген де дұрыс емес. Оны кім шешетінін білмеймін. Бірақ өте деңгейі төмен заттар бар.  Салу үшін профессионалдар болу керек. Шығарма, идея, эскиз көрсетіліп, коркемдік кеңестен өту қажет. Бізде мүсіншілер де, суретшілер де бар ғой. Олар да қатыса алады.

Жоспар бойынша жыл соңына дейін әлі жүзден аса көпқабатты үйдің қасбеті сырланады. Орталық көшелерден өзге, қаланың ескі бөлігін де қамту көзделуде.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы