389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Моңғолия туроператорлары бүркіт көргісі келетін туристерді елімізге алып келеді

  • 320
  • UPD: 22:25, 17.06.2019

2030 жылға дейін елге келетін туристердің санын 4 есеге көбейтіп, 13 миллионға жеткізу туралы міндет бар.

Ол үшін ең әуелі инфрақұрылымды дамытып, демалыс орындарындағы қызмет көрсету сапасын арттыру қажет.

Сосын халықаралық талаптарға сай келетін қонақ үйлерді көптеп салған жөн. Бұл жоба-жоспарлар «отандық туризмді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасында» толық қамтылған. Құжат Балқаш қаласында өткен халықаралық туристік форумда көпшілікке таныстырылды. 

Мамандардың айтуынша, отандық туризмді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасына еліміздегі 10 демалыс орны енген. Соның бірі Балқаш аймағы. Жеті жылдық жобаны жүзеге асыру үшін 1 триллион 300 миллиард теңге қаржы бөлінеді. Ол ақшаға ең әуелі инфрақұрылым реттеліп, қонақ үйлер салынбақ. Ал құрылысты қолға алатын кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер қарастырылып отыр.

ЕркебұлаН Хасенов, «Қазақтуризм» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының кеңесшісі:

- Мемлекеттің тарапынан салықтан босату болады. Ол жер салығы, мүлік салығы және корпоративті салық. Содан кейін мынау жер учаскелерін натур грант ретінде тегін берілу. Тағы да айта кететін әрине, ол субсидияланған кредиттер. 7 жылға дейін 8 пайызды несие беру.

Жоспарға сай көл жағасындағы Тораңғылық пен Шұбартүбек ауылының арасына 100-ге жуық демалыс орны салынбақ. Осылайша облысқа келетін жиһанкездер санын 4 есеге көбейту көзделген. Қазір Қарағанды өңіріне жыл сайын 280 мың турист келеді. Олардан шамамен 4 миллиард теңгеге жуық табыс түседі. 

Татьяна Аблаева, Қарағанды облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы:

- Бағдарламаны жүзеге асыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттен 5 миллиардқа жуық қаржы бөлінеді. Ал кәсіпкерлер тарапынан 6 миллиард теңге инвестиция құйылады деп күтілуде. Тораңғылық пен Шұбартүбекте кемінде 100 демалыс орны салынады деп жоспарлап отырмыз. Туристер саны 4 есеге өседі деген болжам бар. 

Халықаралық туристік форумға 70-ке жуық туроператор қатысты. Олардың тең жартысы Ресей, Қытай, Моңғолиядан келген. Бұл күні көпшілігі жергілікті кәсіпкерлермен келісім-шартқа отырды. Енді шетелдік жиһанкездерді елімізге әкелмек. 

Бағжанар Қанатұлы, туроператор:

- Батыс Моңғолияда қазақтар тұрады ғой. Қазақтың салт-дәстүрін, бүркіт деген нәрсені дүние жүзіне танытып, сонымен бизнесімізді жүргізіп отырмыз. Жылына 28 елден 2500-3000 туристер аламыз. Моңғолияға келіп бүркіт көреді. Оларға қазақтың салт-дәстүрі деп таныстырамыз ғой. Ол кісілер сұрайды, неге бұны Қазақстанға барып көрмейміз, неге Моңғолияда көріп тұрмыз деген сауалдар көп болады. Сондықтан биылдан бастап Қазақстанға әкелеміз деген ойымыз бар.   

Мемлекеттік бағдарлама жүзеге асқанда Қазақстанға келетін туристер саны 13 миллионға жетпек. Сондай-ақ шамамен 70 мыңға жуық қосымша жұмыс көзі пайда болады деген жоспар бар.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы