384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Адамдарды ажалдан арашалаған ақтаулық полицей көмекке келуге әрдайым әзір

  • 180
  • UPD: 23:15, 17.06.2019

Ақтаулық жас полицей Тимур Жұмалиев мақтауға лайық. Құқық қорғау органдарында қызмет етіп жүргеніне небәрі 4 жыл болса да талай жанды ажалдан құтқарып, көзсіз ерлігімен көзге түсті. 

Былтыр биік ғимараттан секірмек болған қыздың өміріне араша түссе, өткен қыста Каспийге батып бара жатқан әйелді мұздай судан алып шыққан.

Жаңа жыл қарсаңында болған бұл оқиға Тимур Жұмалиевтің әлі есінде. Учаскелік полиция бөлімшесіне жас қыздың теңізге батып бара жатқандығы туралы хабар түскен. Жағалауға жақын маңда жүрген ол жедел жетіп, ойланбастан киімімен теңізге қойып кетеді.

Тимур Жұмалиев, облыстық әкімшілік полиция басқармасының инспекторы:

- Дәл осы киіммен жүгіріп барғанбыз ғой. Адам ғой, қыста деген су мұздай, содан шығарып алдық. Содан келіп, скорый шақырып, көмек көрсетілді. Ол әйел аман, жақсы, денсаулығы жақсы. Рахметін айтып жатыр. Ол жалпы халықтың алғысы үшін емес, біздің қызметіміз, мақсатымыз, полиция қызметкері болып, любой жерде көмектесу керек адамға, кез-келген жағдайда. 

Тимур былтыр 11 қабатты биік үйдің шатырынан секіріп, өзіне қол жұмсамақ болған бойжеткенді ажалдан арашалап қалды. Әлгі қыз қазір жоғары оқу орынын тәмамдап, еңбек етіп жүр. Батыр полицей бейбіт тұрғындарды қорғаймын деп оққа да ұшқан кездері болыпты. 4 жылдай учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарған ол биыл қару-жарақ айналымын бақылау тобына ауысқан. 

Берік Жауылбаев, Ақтау қалалық әкімшілік полициясының аға инспекторы:

- Тимур өте ақкөңіл адам. Әрқашан көмегін аямайды қолынан келгенін. Адамдармен араласқанда да ашық, пысық. Достарымен де, халықпен де араласқан уақытта да.

Бауыржан Жұмабаев, учаскелік полиция инспекторы:

- Келген адамдармен тез тіл табысады. Халыққа қай жағы ыңғайлы соған қарап жұмыс жасайды. Қасыңдағы серігіңе байланысты ғой барлық зат. Бұл бірге болады, кетіп қалмайды, істі аяқтағанша соңына дейін жүреді. Сондай қасиеті бар, жарты жолда тастап кетпейді, сенім білдіруге болады бұл жігітке.

Мәтін: Тимурға қаскөйлерге қарсы тұрып, әлсіздерге көмектесу қасиеті әкенің қанымен берілсе керек-ті. Әкесі саналы ғұмырын полиция қызметіне арнаған жан. Бала күнінен батыр болуды армандаған аға лейтенант бүгінде өзін бақытты санайды. 

Асият Жұмалиева, жұбайы:

- Тимурдың да, менің де әкем полиция ардагерлері. Сондықтан да мезгілсіз шақыртулар мен ұйқысыз түндерге үйренгенмін. Тәртіп сақшыларының қызметінің қаншалықты ауыр екенін түсінемін. Тимур кез-келген жанды қиын жағдайда қалдырмайды. Достарымыз, көршілеріміз, таныстарымыз көмек сұрап жатады. Ешбірінің көңілін жыққан емес.

Полиция қызметкерлеріне деген талап күннен күнге күшейе түсуде. Күнде түрлі қауіп-қатермен бетпе-бет келеді. Десе де жас батыр өз мамандығын мақтан тұтады. «Елімді қорғағаным ата-анамды, отбасымды қорғағаным деп білемін» дейді ол. 

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы