384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Чернобыль зардабын залалсыздандыруға 30 мыңнан аса қазақстандық қатысты

  • 583
  • UPD: 11:14, 18.06.2019

Бүгінде оның тек 5 мыңдайы ғана ортамызда жүр.

Солардың бірі – Қуандық Омарбаев. Жастық жалынмен апаттың адамзат баласына тигізер залалын елемегенін еске алады.

1986-ның мамырында Қуандық Омарбаев 25 жастағы жалындаған жігіт еді. Отан алдындағы борышын атқарып келіп, отбасын құрған. Екі баланың әкесі. Сол кездегі Степнагор қаласының тұрғыны. Алайда сегізінші мамыр күні әскери бөлімге шұғыл шақырту алады. Тоғызы күні жолға шығады. 15 мамырда адамзат тарихындағы ең жойқын техногенді апат саналатын Чернобыль атом электр станциясының маңына түседі. Сөйтіп қауіпті аймақта бес айдай апат зардаптарын жоюға қатысады.

Қуандық Омарбаев, «Чернобыль одағы» қоғамдық бірлестігінің қалалық бөлімінің төрағасы:

- Шынын айтқанда, әуелде біз жапан далаға барып түстік. Бізде ештеңе болған жоқ. Бір айдан астам уақыт сол апат аймағында жұмыс істедік. Содан кейін барып ауыл маңына көшірді. Сол ауыл маңына шатыр тігіп полк құрдық. Бір шатырда 12-13 адам тұрдық. Сол он үш адамнан бүгінде үшеуміз ғана тірі қалдық.

Қазақстаннан барған 27-химиялық қорғау полкі радиациядан уланған аумақты тазартумен айналысты. Яғни арнайы мамандар дозиметрмен өлшеп, тазарту керек деп белгілеген аумақтағы уланған заттарды жинап жойып отырған. Радиация деңгейінің жоғары болуына байланысты бір жерді екі-үш рет тазалаған кездер жиі қайталанғанын айтады куәгеріміз. Алайда оның барлығы құпия күйде сақталған.

Қуандық Омарбаев, «Чернобыль одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Тістерім ауыратын. Бір күнде төрт тісімді жұлып тастаған. Аллергия болды. Қолдары қышыды. Беттері қызарып, ішіп алған адам сияқты. Қан қысымы пайда болды, кім қарайды ол кезде.

Биыл Чернобыль зардабын залалсыздандыруға қатысқан қазақстандықтардың апат аймағынан шығарылғанына 30 жыл. Сондықтан шындықты ашық айтуға болады. Осы тұста Қуандық Омарбаевтан америкалықтар түсірген «Чернобль 2019» сериалындағы оқиғалардың шындыққа сәйкестігін сұрадық. Ұқсастық көп. Тек әскерилердің ішімдікті суша ішкені туралы деректі жоққа шығарды.

Қуандық Омарбаев, «Чернобыль одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Мас күйінде ұсталғандар болса жазаланатын. 10 күнге вахтаға жабады. Қала берді әйеліңе, жергілікті әскери бөлімшеге және жұмыс орнына хат жолдайды. Жұмыс орның, айлығыңды қысқартады. Әскери бөлім өтіліңді есепке алмайды. Сонымен қатар әйеліңе де сен жайлы жағымсыз мінездеме береді. Сондықтан ішімдікке қатаң тыйым болды. Бүкіл әскер мас болып жүрсе оны қалай басқарады.

Артта қалған азапты күндерді Қуандық аға күрсіне еске алды. Себебі адамзат тарихындағы ең жойқын техногенді апат қаншама жанның өмірін жалмап, қабырғасын қайыстырды. Тіпті бірнеше ұрпақты азапқа салған аурулар пайда болды. Бір ғана Қазақстаннан Чернобыль зардабын жоюға 30 мыңнан аса адам қатысты. Олардың 25 мыңдайы түрлі себептермен бақилық болды. Енді аман жүргені апат зардабынан жапа шеккендерге мемлекет тарапынан қажетті әлеуметтік көмек көрсетілсе екен деген тілек айтты.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы