388,62 430,50 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Бастау бизнес»: БҚО-да 700-ге жуық жоба мақұлданған

  • 338
  • UPD: 13:51, 18.06.2019

Батыс Қазақстан облысында соңғы 2 жылда «Бастау бизнес» жобасы шеңберінде 700-дей жоба мақұлданған.

Өз кәсібін бастаймын деушілерге 2,5 миллиард теңге несие қаражаты берілді. Жалпы, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамтыу бағдарламасының» қатысушыларының 16 миллион 400 мың теңгеге дейін несие қаражатын алу мүмкіндігі бар. 

Айгүл Кенжебава – көп балалы ана. Кезінде аспаз мамандығын меңгергенімен, бұл салада жұмыс істемепті. Үй шаруасынан шығу да оңай болмағаны рас. Дегенмен еңбекқор келіншек қол қусырып отыра алмады. Былтыр «Бастау бизнес» жобасы  бойынша оқыпты. Жеңілдетілген несие түрінде берілген 3 миллион жарым теңге қаржыға 12 бас аналық мал сатып алды. Бордақылауға қойған бірнеше торпақты болашақта етке өткізбек ойы бар.  

Айгүл Кенжебаева, Қаратөбе ауылының тұрғыны:

– Таңертең тұрамыз, малды сауып, өнімін алып, оны тартамыз. Әзірге 5 сиыр, қалғаны болашақта туады деп тұрмыз. Көбейіп жатса көмекші аламыз, сауыншы аламыз. Жайлап игеріп жатырмыз, сүт, май-қаймағын сатамыз.

Отағасы 16 жылдан бері жеке кәсіпорында жұмыс істейді екен. «Еңбегімнің елеусіз қалмағанына медалім дәлел. Зайыбым да қарап отырмай өз кәсібін ашты. Елімізде біз секілді көп балалы отбасылар көп. Оларға айтар кеңесім біреу ғана», – дейді ол.       

Бүркіт Әбдірахманов, Қаратөбе ауылының тұрғыны:

– «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қазақтың мақалы бар. Еңбек етсең, бәрі де болады ғой. Өзіңнің шаруаңды дөңгелетуге болады. Қазір жағдай бар үкіметімізде, несиемен көмектесіп жатыр. Айтатыным – еңбек ету керек.

Әдемі Әбдірахманова, оқушы:

– Әке-шешем өте еңбекқор кісілер. Өте жақсы, біз әкем вахтаға кеткенде анамызға көмектесіп, бізді еңбекке тәрбиелеп, еңбек етіп жатырмыз. Кейде қора жаққа барып сиыр сауамын.

Ал ақсуаттық Мәншүк Науанова 30 мектепте мұғалім болды. Кейін ауылда балабақшаның жоқтығын ескеріп, олқылықтың орнын толтыруға бел буған. Ол да «Бастау бизнес» арқылы несие қаржысына қол жеткізіп, ауылда алғаш рет жекеменшік балабақшаны іске қосты. Қазір мекемеде 60 бүлдіршін тәрбиеленуде. Тағы 12 бала кезекте тұр.  

Мәншүк Науанова, балабақша меңгерушісі:

- Осы мекемені өз күшімізбен салдық. Екі үй қосылған, соны тағы да жалғап, жаңартып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, сосын балабақшаға арнадық. Ал ауылшаруашылықты қолдау қорынан 7,5 миллион көлемінде несие алып, соған балабақшаға қажетті жиһаздармен қамтамасыз еттік.

Бағдарламаға қатысушыларға ең жоғары сомасы 16 миллион теңге болатын несие қаржысы 6 пайызбен 5 жылға беріледі. «Жыл соңына дейін аймақта мыңға тарта адамнан аса адам кәсіпкерлік негіздерін оқып үйренеді», – дейді мамандар.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы