384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында 9 мыңға жуық отбасы АӘК алады

  • 413
  • UPD: 13:50, 18.06.2019
Маңғыстау облысында 9 мыңға жуық отбасы АӘК алады

Маңғыстау облысында жыл басынан бері 5 мың 633 отбасы атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізді.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есеге көп. Биыл атаулы әлеуметтік көмек алушының саны ғана емес, жәрдемақының көлемі де өскен. Сәуір айынан бастап күнкөріс деңгейінен 70 процентке көтерілді. Осылайша маңғыстаулықтар отбасындағы әр балаға 23 мың 500 теңгеден ала бастады. Егер былтыр 9 мың отбасы үшін атаулы көмек беруге ел қазынасынан бір жылда 496 миллион теңге жұмсалса, биыл бір мамыр айының өзінде тұрғындарға 733 миллион теңге төленді. Құжат рәсімдеу ісі де жеңілдетілген. Тек жеке куәлік пен әлеуметтік көмек алуға өтінішіңіз болса жеткілікті. Бүгінде бұл көмекті алушылардың көбі Мұнайлы ауданында тіркеліп отыр. 8 мың адам. Күні кеше мұнда «Е-халық» ақпараттық жүйесіндегі жылдамдыққа байланысты қиындық туып, тұрғындар құжат өткізе алмай қалдық деп шу шығарған еді. Қазір мәселе шешіліп, жұмыс қайта жалғасқан.

Қарашаш Нұрмамедова, облыстық еңбек және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:

- Ауылдық жерлерде тұратын әрбір адам ауыл әкімдігіне АӘК тағайындауға өтініш беруге тиісті. Себебі «Е-халық» жүйесі әрбір әкімдікте орналасқан. Әрбір әкімдіктің толық мүмкіндігі бар. Ол міндеті. Мысалы, Шетпеден 200-300 шақырым жердегі Қызан ауылынан келіп, Шетпеге құжат әкелуі ешқандай міндетті емес. Ол Қызан әкіміне тапсырады, Қызан әкімі жинақтап, Шетпе орталығындағы әкімге әкеліп тапсыруға міндетті.

Хабар 24 телеарнасы