384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда қоғамдық көлік қызметі цифрлық жүйеге көшті

  • 182
  • UPD: 17:41, 18.06.2019

Павлодарда электрондық билеттеу жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұтымды жобаның ерекшелігі көп. Бастысы, қоғамдық көлікпен қатынау үшін арнайы карта жасау міндетті емес. Жобаны жетілдірушілер ең қарапайым жолды таңдаған.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

– Мен нөмірі 10-бағыттағы автобусты күтіп тұрмын. Ұшқыр жоба аясында осы бағыттағы кондукторлар электронды билеттеу жүйесін алғашқылардың бірі болып қолданысқа енгізген болатын. Мінекей, автобус аялдамаға келіп тоқтады. Жаңашылдықты мен де көппен бірге сынап көруге бел будым. Қолымда қағаз ақша немесе тиын жоқ, сондықтан банк карточкасымен есеп айырысуға тура келеді.

Жобаны жетілдіруші тарап электронды билеттеудің түрлі тәсілдерін ойлап тауыпты. Егер қолыңызда банк картасы болмай қалса, мобильді қосымшаның көмегімен де жол ақысын төлей аласыз.

Денис Михнев, электрондық билеттеу жүйесі жобасының авторы:

– Жолаушылардың банк картасын қайталай алатын мобильді қосымшаны гугл плейден, апстордан жүктеп алуларына болады. Егер банк картасы қолында болмаса QR-кодты қолданады. Бірақ бұл әзірге іске қосылған жоқ. Жобаны жетілдіріп жатырмыз.

Келешекте көліктік карта жасау жоспарланып жатыр. Олар тек жұмыссыздар мен банк карточкасы жоқтарға таратылады. Ал жеңілдікпен жүру санатына кімдер жатады? Бұл – әзірге ойландыратын мәселе.

Электрондық билеттеу жүйесіне көшу жолаушылар тасымалын жаңғыртуға жасалып отырған алғашқы қадам. Бұл өте ұзақ мерзімді әрі бірнеше кезеңнен тұратын жоба. Келешекте қоғамдық көліктерді біртіндеп электробустар алмастырмақ. Ағымдағы жылы Павлодар қаласының әкімдігі 10 электробус сатып алған.

Аян Бейсекин, қала әкімінің орынбасары:

– Бүгінгі күні біз қағаз жүзінде барлық есептеулерді жүргіздік. Сондықтан қолданылу мерзімі аяқталған сәтте біз ары қарай ойланатын боламыз. Яғни автобус паркін қоғамдық көліктің жаңа түріне алмастыруға қатысты шешім қабылдаймыз.

Электробустарға қалалық №1 автобус паркі қызығушылық танытып отыр. Экологиялық таза көлік түрінің тиімділігін де есептеп қойған.

Ерхан Қоңырханов, №1 автобус паркінің директоры:

– Электробустарды іске қосу дизельмен жүретін қоғамдық көліктерден үш-төрт есе үнемді келеді.

Күз айларында Павлодарда алғашқы қуаттау бекеті орнатылады. Электробусқа арналған жаңа нысанның қызметін электромобиль иелері де пайдалана алады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы