383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысындағы 50 елді мекенге ауызсу құбыры тартылуда

  • 214
  • UPD: 20:48, 18.06.2019

Алматы облысындағы 50 елді мекенге ауызсу құбыры тартылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның алтауы Іле ауданында. Орталық су жүйесіне қосылатындардың қатарында Қарой ауылы да бар.

Қарой ауылының тұрғындары енді сылдыраған бұлақтан тіршілік нәрін тасымайтын болады. Өйткені жақын күндері әр үйге орталықтандырылған ауызсу жүйесі кіргізілмек. Көшелерге құбыр тартылғанын көрген Алтайбек Құтпанбаев қазірдің өзінде ауласын қазып, дайындық жұмыстарына кіріскен.  

Алтайбек Құтпанбаев, ауыл тұрғыны:

– Дайындап жатырмыз. Осы айдың аяғында беріледі деп жатыр.

Қарой ауылын ауызсумен қамту жұмыстары үш жылға жоспарланған болатын. Алайда жергілікті әкімдік пен мердігер мекеме істі ілгерілетіп, бар шаруаны мерзімінен бұрын бітіріп бермек. Осы мақсатта 8 шақырымнан аса құбыр төселіп, су мұнарасы тұрғызылды.

Бауыржан Сержанов, мердігер мекеме өкілі:

– Қазір абаттандыру жұмыстары ғана қалды. Шілденің бірінде су береміз деген ойдамыз.

Елді мекенде 1300-ден аса адам тұрады. Ауызсудың берілетінін  асыға тосып жүрген тұрғындар өзге де өзекті мәселелерді көтерді. 

Алып шаһар Алматының іргесіндегі Іле ауданында 31 ауыл бар. Биыл солардың алтауындағы құбыр жүйесі жаңартылады.   

Қанат Рахимов, аудандық ткш және тұрғын үй инспециясының бөлім басшысы:

– Жалпы Іле ауданы бойынша 2019 жылы 30 шақырымнан аса су құбыры жүргізіледі. Мыңнан аса абонентіміз сумен қамтамасыз етіледі.

Биыл Алматы облысындағы 50 елді мекенде су құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орталықтандырылған ауызсумен қамту көрсеткіші 91 проценттен асқан. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы