384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда ескі автобустар қашан жаңарады?

  • 221
  • UPD: 20:46, 18.06.2019

Көкшетаудағы қоғамдық көліктердің көбі ескірген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың іші жайсыз, сондай-ақ тозған автобустар кестеге де кері әсер етіп жатыр, дейді тұрғындар. Яғни уақытынан кешігіп келеді немесе үнемі лық толы. Жалпы шағын шаһарда 40 шақты бағытқа ғана қатынайтын жолаушылар автобусы бар.

Дамир Берікұлы, тілші:

– Көкшетауда автобустардың ескіргені соншалық, күніне мұнда 120 автобус жолға шығу керек болатын болса, олардың кемінде үш-төртеуі күн сайын өздерінің техникалық ақауларына байланысты, яғни бұзылып жолға, бағытқа шыға алмай қалады екен. Ал бұл әлбетте, қандай да бір бағыттағы автобустардың сиреуіне себеп болады.

Бұл автобус Ресей зауыттарының бірінен 2005 жылы шығарылған. Алайда осы 14 жылдың ішінде тоз-тозы шығып, шіріп кеткен. Ал жүргізушілердің айтуынша, жолаушылар автобусы әрі кетсе 10 жылдан кейін жарамсыз деп танылуы тиіс.

Қаладағы автобустардың жартысынан астамы осындай ескі. Олар көнеріп қана қойған жоқ, заманауи талаптарға да сай емес, дейді халық.

БЛИЦ:

– Біздің ойымызша ескі. Адам тығыз. Автобустарды көбейту керек сияқты.

– Ескі болса да талапқа сай болса екен. Сынып жатады. 80 теңге деген жолақысына тұрмайтын сияқты менің ойымша. Автобустың ішіне кіргенде шаңы көтеріліп жатады. Отыратын орындықтарының тыстарының барлығы кір, ауыстырылмайды. 

Расында мұндай автобустардың ішінен адам шошиды. Кейбірі тіпті, жолаушылар тасымалына емес, жүк тасуға арналған көлік секілді, дейді қоғамдық көлікпен күнде жүретін тұрғындар.

Сонымен қаладағы ескі автобустар қашан жаңарады? Дәл осы сұрақты шаһардағы жолаушылар тасымалының жартысын иемденіп отырған Көкшетау автобус паркінің басшылығына қойдық. Олардың айтуынша, көлік сатып алу оңай шаруа емес. Мәселен, қалада қазір жолақысы – 80 теңге. Ал шығынымызды жауып, табыс табу үшін тариф шамамен 120 теңге болуы тиіс, дейді. Дегенмен жолаушылардың көңілінен шығу үшін жақында лизингке біраз автобус сатып алмақшы.

Әсия Шәрімова, автобус паркінің бас директоры:

– 44 автобус келеді. Оның 31-і шілденің басында келеді. Қалған 13-і қыркүйектің аяғында. Оның ішінде бейнебақылау камерасы болады. Стационарлы екі терминал болады.

Осылайша аталған автопарк биыл өз автобустарының жартысына жуығын жаңартпақшы. Ал жаңа қоғамдық көліктердің ұзындығы он жарым метр, сыйымдылығы 70 адамдық үлкен заманауи автобустар болмақ. Ал басқа тасымалдаушылар тым-тырыс.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы