384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысы Ақшұқыр елді мекенінде заманауи үлгідегі мектеп салынып жатыр

  • 154
  • UPD: 11:52, 19.06.2019

Маңғыстау облысының Ақшұқыр елді мекенінде заманауи үлгідегі білім ордасы бой көтеріп келеді.

Екі ауысымда 1200 оқушы қабылдайтын мектеп келер жылы қолданысқа беріледі. Мұнан соң Түпқараған ауданында үш ауысымдық мәселесі толық шешіледі. Сондай-ақ жылына балаларды автобуспен тасымалдауға жұмсалатын 30 млн теңгедей қаржы үнемделеді. Орта білім беру кешенін салу жұмыстары кестеге сай жүргізілуде.  Талғат Исламұлы әңгімелейді.

Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр ауылында 600 және 900 орындық екі мектеп бар. Соңғысы үш ауысыммен білім береді. Мұндағы орын тапшылығын тұрғындар бес жылдан бері айтып жүр. Өйткені мектептен алыс жеке секторда 1147 бала тұрады. Кейбір ата-аналар перзентін өздері апарса, оқушылардың басым көпшілігі сабаққа қоғамдық көлікпен қатынайды.

Күләш Қасымова, ауыл тұрғыны:

- Мына біздің 20-шы километрде мектеп-лицей деген бар. 14-шақырымдағы тұрғындардың балалары соған тасымалданып оқиды. Соны біздер мәселе қылып көтеріп-көтеріп, міне сол шешімін тауып жатыр. Біз соған өте қуаныштымыз.

Ақтауға жақын тұрған Ақшұқырда қазір 11 мыңға жуық халық тұрады. Тұрғындар өз мекенжайын елді мекенді қаламен қосатын жолдың километріне қарап ажыратады. Мәселен, үш ауысыммен оқытатын мектеп-лицей ауылдың 20-шы шақырымда тұр. Оған дейінгі аралықта тұратын тұрғындардың балалары лицейге он екі автобуспен тасымалданады. Ендігі жылы жаңа мектеп ашылса, мәселе толық шешіледі.

Айсағали Нұғыманов, ауыл әкімі:

- Ақшұқыр ауылында екі мектеп қызмет атқарады. Мұнда 2120 бала оқып жатыр. Әрине, мектеп тығыздылық бар. Жылына 25-30 млндай қаражат қарап, ауылдың шет жағынан осындай тасымалды ұйымдастырып отырмыз. Тұрғындардың сұранысымен елді мекеннің күн шығыс бет жағынан мектеп құрылысы биыл басталып жатыр.

Жоба құны 1,2 млрд теңге. Құрылысы өткен мамыр айында басталды. Ендігі жылы қолданысқа берілген жағдайда 300-ге тарта бала үй іргесіндегі мектепке барады. Жалпы үш ауысымдылық мәселесі өңірдің алты мектебінде бар. Оны шешу мақсатында биыл 3100 орындық үш білім ордасының құрылысы басталады. Сондай-ақ тағы екі мектепке қосымша ғимарат жалғанып жатыр.

Асқар Сейдалиев, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда Маңғыстау облысы бойынша мектеп оқушыларының саны 138 мың 360 бала оқиды. Ендігі оқу жылында біздің болжам бойынша 21 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа келеді деп ойлап отырмыз. Өткен жылы осыған байланысты біз тоғыз мектепті іске қостық. Бұл 6300 орындық мектеп облыс бойынша. Енді үш ауысымды жою мақсатында осы жылы бес мектептің құрылысы басталады. Оның ішінде 3 жеке-дара мектептер және екі мектеп жанындағы құрылыс.

Биылғы оқу мезгіліне дейін Мұнайлы ауданындағы қос мектепте жүріп жатқан құрылыс мерзімінде аяқталса, әр мектепте қосымша 320 орын пайда болады. Бұдан басқа осы ауданға қарайтын Батыр елді мекенінде 960 орындық және Ақтауда 900 орындық мектептерді салу жұмыстары жуық арада басталады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы