384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысындағы елді мекендердің үштен бірі ғана су жүйесіне қосылған

  • 152
  • UPD: 22:45, 19.06.2019

Қостанай облысында 550-ге жуық елді мекен болса, соның үштен бірі ғана орталықтандырылған су жүйесіне қосылған, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Мысалы, Қарабалық ауданындағы ауылдардың 70 проценті әлі күнге тіршілік нәріне зәру.

Аманкелді Нуркин – Қарабалық ауданындағы Надеждин ауылының байырғы тұрғыны. «Ес білгелі тасымал суды тұтынып келеміз», – дейді ол. Ақылы ауыз судың әр текше метрі 500 теңге. Бау-бақша, мал суаруға қажетті техникалық суды да сатып алады. 

Аманкелді Нуркин, Надеждин ауылының тұрғыны:

- Суды тасып ішіп жатырмыз. Қыстыгүні өте қиын. Өйткені жолдар бітеліп қалғанда, кейбір кезде 3-4 күн су болмайды. Қазір су келейін деп жатыр дейді. Қазып жатыр, көріп жатырмыз. Су келсе, халықтың тұрмысы жақсарады, мал ұстаймыз көбірек.

Шынымен, қазіргі кезде Қарабалық ауданындағы Надеждин, Бөрлі, Рыбкин ауылдарына су құбыры тартылып жатыр. Екі жылға есептелген жоба келер жылдың шілде айында толық аяқталмақ. Одан кейін ірі елді мекендер Боскөл мен  Станционный селоларын орталықтандырылған су жүйесіне қосу жоспарда тұр.

Нұржан Өтегенов, Қарабалық ауданының әкімі:

- Оның сыртында шағын елді мекендері ауыз сумен қамту үшін президентіміздің 2023 жылға дейін 100 пайыз барлық елді мекен, ірі-кіші көлеміне қарамай, орталықтандырылған сумен қамтылсын деген тапсырмасы бар, соны орындау үшін жол картасын әзірлеп жатырмыз. Алдымызда 2023 жылға дейін толық жүзеге асыру мақсаты тұр.

Ал облыс бойынша алдағы екі жылда алты елді мекенге жаңадан құбыр тартылып, сегіз ауылдың су жүйесі қалпына келтіріледі. Бұл мақсатқа бюджеттен 8,6 миллиард теңге қаралған.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы