389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сенатта табиғи байлықтар мен қоршаған ортаны қорғау мәселесі қаралды

  • 348
  • UPD: 23:16, 19.06.2019

Сексеуіл азайып барады, балық қырылып жатыр, өсімдік әлемі заңмен қорғалмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Парламент Сенаты қабырғасында өткен Үкімет сағатында орман шаруашылығы мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту және биологиялық алуантүрлілікті сақтау мәселесі талқыланды. Одан бөлек дархан даланың жасылын өрттен сақтау жайы айтылды. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев ормандар мен жазық алқапты өрттен қорғау үшін авиациямен жиі шолу жасау керектігін айтады. Биыл әуеден бақыланатын аумақтарды 8,8 млн гектардан 9,5 млн гектарға ұлғайту жоспарда. Яғни тікұшақ ұшыруды 4 мың сағатқа көбейту керек. Вице-министр осы мақсатқа 1,8 млрд теңге қаржы сұрады. Баяндамашыларды тыңдап болғаннан кейін Сенат төрағасы Дариға Назарбаева өңірлерде өрт сөндіру және қоршаған ортаны қорғау шараларын жүргізуге жергілікті биліктің құлықсыз екенін айтты. Себебі, көптеген елді мекенде дала өрттерін сөндіретін қарапайым жабдықтар алынбаған.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар қызметі мен Экология министрлігі және жергілікті атқарушы билік органдары арасында ортақ үйлестіру жұмыстары нашар. Менің ойымша, қоршаған ортаны қорғау, дала өрттерінің алдын алу жұмыстарын жүргізуде Экология министрлігінің жұмысын нығайту қажет. Министрліктерді бөлгенімен, бұл проблемалар толық шешілмей отыр. Өңірлерде экологтар дабыл қағып, тұрғындардың денсаулығына алаңдап отыр. Мысалы, Орал өзеніндегі балықтың қырылуы. Кінәлі мекеме анықталды. Ол – «Атырау су арнасы». Оларға қандай шара қолданылады, оны да білмейміз. Шығын өтеле ме? Тергеу жұмыстары да ұзаққа созылды. Қоқыс қалдықтарына қатысты да проблемалар көп.

Осы орайда Сенат төрағасы жаңа құрылған министрлікті қоғамдық бірлестіктермен бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ Үкімет сағатында Каспий теңізінде итбалықтың азайып бара жатқаны айтылды. Бұл балық түрі қазір 100 мыңнан аспайды. Сенат депутаттары жаңадан құрылған министрлік өкілдерінен экология мәселелерін уақыт оздырмай шешуді сұрады.

Хабар 24 телеарнасы