383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкенттің республикалық қала мәртебесін алғанына бір жыл болды

  • 169
  • UPD: 23:13, 19.06.2019

Шаһардың қазіргі дамуы қарқынды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Тәуелсіздік жылдардан бергі жаңарып, түрленгені өз алдына, болашаққа жоспарланған ілкімді жобалар да жетерлік.

Жергілікті жұртшылық Шымшаһардағы өркенді істердің әрбірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өлшеусіз еңбегі бар деп біледі.

«Шымкентке республикалық маңыздағы қала мәртебесінің берілуі жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», – дейді қаланың құрметті азаматы Икрам Акрамұлы. Себебі, шаһар көршілес Өзбекстан мемлекетімен шекаралас. Сондықтан туризмді дамытуға мүмкіндік бар. «Қонақ та, тіпті қаланы көркейтуге қаржы құйғысы келген инвестор да мегаполиске мойын бұратын болса, осы арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға болады», – дейді ол. Ал Шымқала еліміздің үшінші мегаполис атануына Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасының ерен еңбегі мен қосқан үлесі айқын. «Мұны жоққа шығаруға болмайды», – дейді ассамблея мүшесі.

Икрам Хашимжанов, қаланың құрметті азаматы:

- Шымкент қаласына үлкен мән беріп, бұл қаланы республика деңгейіндегі үшінші қала қылуының өзі Елбасымыздың бір жомарттығы деп білеміз. «Адам баласы өмірге бір рет келеді. Оны да Шымкентте өмір сүру керек» деп айтқан болатын. Бұл Елбасының шымкенттіктердің қонақжайлылығын, адами қасиетін, төзімділігін, адами капиталын жоғары бағалағандығы еді.

Иә, шынында да бір жыл ішінде тындырылған тірлік көп. Атап айтсақ, миллионға тарта тұрғыны бар шаһар солтүстік-батыс және шығысқа бағытқа қарай дамып келеді. Шымкенттің іргесінде «Шым Сити» қалашығы мен Тұран ықшамауданын өркендетуге аса басымдылық беріліп отыр. 420 гектар аумақты алып жатқан «Шым Сити» қалашығында 316 нысан бой көтереді. Жуырда алғашқы 540 пәтерлі 10 тұрғын үйдің кілті тұрғындарға тапсырылды.

Айта кетейік, қазіргі таңда қалада 37 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Биыл шаһарда 4 524 пәтерлі 81 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Халық саны өскен сайын шаһардағы көліктің де көбейері заңдылық. Қазіргі таңда 340 мыңнан астам көлік бар. Көлік демекші, қала күніне орай тұрғындар енді жаңа қоғамдық көліктермен қатынайды. Автобустарды жаңалау үшін аталған парк жыл соңына дейін жаңа 1000 автобуспен толықтырылады.

Олжас Әуелбеков, автобус паркінің директоры:

- 300 автобус сатып алынды. Оның 158-і біздің автопаркімізде тұр. Қалған автобустар апта сайын қабылдануда. Қазіргі таңға 2 бағытты аламыз. Бір бағытымыз – 158, енді бірі – 138.

Шымкенттің республикалық қала мәртебесін алуына кішкентай бүлдіршін Айсұлу Еламанованың да үлесі зор. Ол – Шымшаһардың милионыншы тұрғыны. Осыдан бір жыл бұрын дүниеге келген сәби қазір жас отбасы Самат пен Айжанның көз қуанышы.

Самат Еламанов, қала тұғыны:

- Қызымыз бұрын бесікте жататын. Міне, өсті. Өз аяғымен жүреді. Қалағанын алады. Сұрайды. Өте пысық. Әрі жылдам қозғалады. Шапшаң. Өзінің жасына қарағанда ерекшелігі бар. Басқа балалармен салыстырғанда. 

«Астана мен Алматыдан соң республикалық маңызы бар қала атанған шаһарда енді туристер саны артады», – дейді жергілікті билік. Осы арқылы қалаға құйылатын инвестиция көлемі ұлғаймақ. Айтпақшы, миллионды қала мәртебесін алуда әсіресе демографияның үлесі басым. Себебі, еліміздегі әрбір төртінші сәби осы Шымкент пен Түркістан облысында дүниеге келеді.

Шымкент 2020 жылы Тәуелсіз мемлекеттер достастығының мәдени астанасы атанады. Шаһар бұрыннан-ақ мәдениет пен руханияттың, ынтымақ пен бірліктің ордасы саналатын. Бұған ескі қала аумағынан табылған жәдігерлер дәлел. Еліміздегі үшінші басты қалада қазір құрылыс жұмыстары қарқын алған. Ал мәдени астана мәртебесі қаланың одан әрі дамуына серпін берері анық.

Авторы: Нұрбек Байбосын

Хабар 24 телеарнасы