383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде 2021 жылы 5G қолданыла бастайды

  • 185
  • UPD: 23:18, 19.06.2019

Қазақстанданда 5G интернет байланысының мүмкіндіктері 2021 жылы қолданыла бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бүгін Алматыда «Қазақтелеком» отандық байланыс операторы мен Швецияның Erіcsson компаниясы мобильді байланыстың жаңа буынының әлеуетін таныстырды.

Қазіргідей цифрлық жүйеге бейімделіп жатқан тұста, интернеттің жылдамдығынан бөлек, оның іркіліссіз жұмыс істегені маңызды. «Мұндай мүмкіндікті тек 5G бере алады», – дейді мамандар.

Нұрлан Мейірманов, «Қазақтелеком» АҚ бас инновациялық директоры:

- 5G-дің негізгі тұтынушысы – мемлекет. Байланыстың бұл түрі жаңа технологияға көшудегі мүмкіндікті екі есе арттырады. Жеке тұтынушылардың сұранысын 4G де қанағаттандыра алады. Ал өндірісте қуатты интернет қажет.

5G технологиясының мүмкіндіктері Erіcsson компаниясының заманауи құрылғыларының көмегімен таныстырылды. Мәселен, жаңа жүйеге қосылған бағдаршам, жедел жәрдем мен өрт сөндіру көлігін жол қиылысынан кідіріссіз өткізе алады. Сондай-ақ 5G-мен ұзақ жолға шығатын көліктерді жүргізушісіз басқаруға болады.

Айдын Әбжанбеков, Ericsson компаниясының қазақстандағы бас директоры:

- Біз бүгін бесінші буын технологиясының ең жоғары – секундына 15 гигабайт жылдамдығын көрсеттік. Яғни бірнеше жыл бұрын бұл жылдамдық 300 мың тұрғыны бар қалаға кабель арқылы қолжетімді болса, бүгін біз бұл жылдамдықты бір абонентке ғана көрсеттік.

Жаңа мобильді байланыстың шығыны да аз емес. Мынадай базалық станса 50 метр аумақты ғана қамтиды. Дегенмен өткізу жылдамдығы өте жоғары. Сондықтан бәсекелі нарықта байланыс операторлары жаңа жүйені игеруге мүдделі. Ал елімізде 5G технологиясы 2021 жылы қолданыла бастайды.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы